Қазақстанның әйелдер құрамасы көгалдағы хоккейден ОА чемпионы атанды

Қазақ қыздары аймақ үздігі атанды.

Өзбекстанның Әндіжан қаласында көгалдағы хоккейден Орталық Азия елдерінің чемпионаты өтті. Әйелдер арасындағы сында ұлттық құрама барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.

Ал ерлер құрамасы қола жүлдеге қол созды.

Махмұд пен Нұрбек жеңіске жетті. Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан лицензиялық турнир жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні жеңіл және ауыр салмақтағы жекпе-жектер өтті. Әсіресе 57 келіде ұлттық құрама сапындағы Махмұд Сабырхан алғашқы айналымда эфиопиялық Ядес Леттамен кездесіп, қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 5:0. Артынша шаршы алаңға ұлттық құрамадағы тағы бір әлем чемпионы Нұрбек Оралбай шықты. 80 келіге дейінгілер арасында жұдырықтасатын ол Гаити өкілі Кедрик Белони-Дюльепремен жолығып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Жалпы айтар болсақ, жерлестеріміз лицензиялық турнирді өте сәтті бастады. Бұған дейін Сәкен Бибосынов пен Римма Волосенко да келесі кезеңге өткен болатын. Ал бүгін шаршы алаңға орта салмақтағы Мұхамедсабыр Базарбайұлы мен команда капитаны Асланбек Шымбергенов шығады. Бусто-Арсицио қаласындағы турнир 11 наурызға дейін жалғасады. Оның аясында Париж олимпиадасының 49 жолдамасы сарапқа салынады.

Мағжан жақын күндері жарысқа қатысады. Былтыр ауыр жарақат алып, байрақты бәсекелерге шыға алмай жүрген дзюдошымыз Мағжан Шамшадинге қатысты жаңа ақпарат пайда болды. Оның жеке бапкері Қален Қалиұлы Bassport.kz порталына берген сұхбатында спортшының физикалық жағдайы жақсы екенін жеткізді. "Мағжан қазір дайындалып жатыр. Өзіндік жоспармен күніне 5-6 сағаттан 2 мәрте жаттығу жүргізеді. Бабына еніп келеді. Жақын арада жарысқа қосылады", - деді бапкер. Айта кетейік, Мағжан жаңа жылдан бері ресми турнирлерге қатысқан жоқ. Десе де, ол қазір 60 келіге дейінгілер арасында халықаралық дзюдо федерациясы рейтингінде 17-орында тұр және Париж олимпиадасына қатысатын негізгі үмітіміз саналады. Өйткені жерлестеріміз арасынан одан кейінгі ең тәуір көрсеткіш Нұрқанат Серікбаевта. Ол жалпы тізімде 21-орында. Елдос Сметов болса, 26-сатыға жайғасты.  

Александр Бублик әлемдегі алдыңғы 20 теннисшінің қатарына кірді. Кәсіби теннисшілер қауымдастығы соңғы аптадағы ойындарды саралап, үздік спортшылар тізімін жаңартты. Тізімге сәйкес, қазақстандық Александр Бублик 23-сатыдан 20-сатыға көтерілді. Бұл оның спорттық мансабындағы ең жоғары көрсеткіші. Айта кетейік, Александр өткен аптада Дубайдағы АТР 500 турнирінің финалына дейін жеткен болатын. Қазақстанның басқа теннисшілерінің де көрсеткіштері өзгерді. Мәселен, жуырда ғана көк паспортымызды алған Ресей тумасы Александр Шевченко 47-орыннан 51-орынға сырғыды. Ал Михаил Кукушкин 165-тен 140-орынға жоғарылады. Денис Евсеев 179-дан 180-ге, Бейбіт Жуқаев 190-нан 191-сатыға түсіп қалды. Жұптық сында Александр Недовесов 49-дан 45-ке көтерілсе, Андрей Голубев 70-тен 71-ге төмендеді.