Белбеу күресі. Алты рет чемпион атанған Арайлым
Сырбойылық ару Арайлым Оразбай белбеу күресінен 6 рет ел чемпионы атанып отыр.
Күрестің бірнеше түрін меңгерген палуан қыз өткен жылы әлем біріншілігінде алтыннан алқа тағынды. 24 жастағы бұрымды спортшы жылдам қимылдайтын арнайы жасақ құрамында ерлермен иық тірестіре қоғам тыныштығын қорғап жүр.
Осы аяқты қармап шалу әдісі Арайлымға әлем чемпионатының алтын жүлдесін сыйлады. Жалағаш ауданындағы ауылдық спорт мектебінде дзюдо үйірмесіне қатысқан өрімдей қыз бертін келе самбо, қазір белбеу күресімен шұғылданып жүр. Жілік майы бітік қыз талай ер баланы алып ұрып, топырлатып топыраққа аунатқан.
Арайлым Оразбай, арнайы жасақ жауынгері:
- Қазақтардың өзінің қанына сіңіп кеткен әдісі бар ғой жамбас әдісі. Сол менің сүйікті әдісім. Сосын аяқпен қармау әдісі. Өмірде қолданып көрдім. Балалар ойнап тиіскен кезде мысалы қар жауған кезде балалар қар лақтырады ғой. Сол кезде қолданып көрдім. Олар маған қар лақтырса, мен өздерін лақтырған кезім болған.
Спорттық шеберлігі полиция жеке құрамына алынған кезде де пайдаға асып келеді. Еңбек жолын Екібастұз қаласында бастаған аға лейтенант заңға бағынбаған ер азаматтарды білек күшімен тәртіпке шақырады.
Арайлым Оразбай, арнайы жасақ жауынгері:
- Ең бірінші шақыртуым болды. Кішкентай балалармен жұмыс жасағаннан кейін оның ата-анасымен де жұмыс жасайсың. Кішігірім қиындық сол кезде болды. Балабақшада болған оқиға. Барған кезде әке-шешесі ішімдікке салынған екен. Баласын алып кетемін деп айқай шығарған кезде қолынан ұстап алып кеткен кезім болған ең бірінші рет. Жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа келгелі бері арнайы операциям 1-2 рет қиынырағы болды. Жезөкшелермен жұмыс жасау барысында болған. Ал былай қиындық жоқ.
Сырбойылық палуан қыздың тағы бір қасиеті – ол құралайды көзге атқан мерген. Қарудың барлық түрін меңгерген десе те болады. Жалпы арнайы жасақ құрамында қызмет ететін 11 бұрымды арудың барлығы әмбебап сарбаз санатында.
Ержан Абдуллаев, арнайы жасақ взвод командирі:
- Олардың ішінде спортта, қызметте үлкен жетістікке жеткен 5-6 қызымыз бар. Атап өтетін болсам атудан, спорттық сайыстардан, жекпе-жек спортынан, белбеу күресінен жетістікке жетіп отыр. Әрқашан құрметтейміз, көтермелейміз, қолдаймыз азаматшаларымызды.
Жауырыны жер иіскемеген Арайлым алдағы күзде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында топ жаруды көздеп жүр.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев