Хоккейші қазақ аруы

Қазақ қыздарының арасынан суырылып шыққан шайбалы хоккей шебері – Бұлбұл Қартанбай.

Қаршадай қыз Америкада хоккейден бас бапкер болды. Сөйтіп, АҚШ-тың мойнын бұрғызған, жанкүйерлерін ду еткізіп орнынан тұрғызған, мұз үстіндегі қазақ қызының қимылы бөлек. Ол қазір өз елімізде, Астананың көк мұзында сіңлілерін хоккейге баулып жүр.

Бұлбұл Қартанбай, Әйелдер хоккей академиясының директоры:

- Қыздарға арналған мектепті ашқым келген мақсатым болды. Бірақ біз өсіп жатырмыз. Бестен бастап қыздарды алып жатырмыз, әйелдер хоккей академиясына. Қыздарымыз 14-ке толғаннан кейін олар профессиональный хоккейный лигада ойнай алады. Бізде қыздар лигасы деген бар. Осы жылы біздің қыздар дебутант болды, ол жерде бірінші рет шығып, өзіміздің қыздарымыздан «Бұлбұл» деген құрамамызды құрдық. 

Жасынан боксқа қатысып, кейіннен шайбалы хоккейді таңдаған Бұлбұл Қартанбайға қазір еліктеушілер көп. Мұз үстінде шайбаны шыр айналдырған жас хоккейшілер Бұлбұлдай болсақ дейді.

Ботагөз Мұрат, хоккейші:

- Мен осы хоккеймен екі жылдан бері айналысып жүрмін. Осында өзімнің қалауым бойынша келдім. Мені осы хоккей өзінің мықтылығымен қызықтырған. Мен осы Бұлбұл Бақытовна сияқты мықты талантты әйел болғым келеді. Бақытовна НХЛ-дің ішіндегі бірінші қазақ әйелі болған. Соған ұмтылғым келеді.

Айым Әшірмет, хоккейші:

- Ол бірінші Канадаға барған әйел Қазақстаннан. Ол 2021 жылы өзінің қыздар академиясын ашты. Мен ол академияға үш болды қатысамын. Ол академияны инстаграмнан көрдім, маған ұнады. Мен бірінші тренировкаға келдім. Маған жаттықтырушылар ұнады. Олар өте күшті, бізді дайындады. 

Қазақ хоккейін көтерем деген Бұлбұл Қартанбай қазір қыздар мен ұлдар құрамасын құрған. Өзі осы жас құраманың келешегі жарқын боларына сенімді.

Бұлбұл Қартанбай, Әйелдер хоккей академиясының директоры:

- Мына «Арыстан» құрамасы қалай ашылды? Осы Астанада мектептер бар. Хоккей мектептері бар. Ол жерде бір құрамада 70 бала. Солар айтады «біз сізге барайық, сіз құрама ашыңыз, бізді алға итеріңіз» деп айтады. Содан кейін мен айтамын, жарайды келсеңіздер ашып көрейік деп. Сол үшін қыздарға ғана емес, барлық балаларға да көмектесіп жатырмыз.

Қазақ қызының қарқыны хоккей әлемінде ең ұздік саналатын канадалық ағайынды қызықтырып отыр. Бұлбұлға бүйрегі бұрғандар шақырту жіберген. Жақын арада Бұлбұл сол Канадаға жол тартпақ. Өрісін кеңейтіп, ол жақта білгенін, кейін қазақ қыздарына үйретсем деген арманы бар.  

Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Өрден Жарқын