Ең үздік ойыншы
Спорттың қиын әрі қауіпті түрлерінен қазақстандық қыз-келіншектер қалыс қалып жатқан жоқ.
Соның ішінде мұз үстінде шайбаны шыр айналдырып, ықтимал ауыр соққыдан жасқанбаған хоккейшілердің орны ерекше. Көбі түрлі жарақатқа қарамастан спорттық мансабын жалғастырып жүр.
Дария - әмбебап ойыншы. Мұз үстіндегі матч кезінде шабуыл мен қорғаныс шептерінде емін-еркін ойнайды. 31 жастағы спортшы мансабында талай ауыр жарақат алған. Алайда оның бәрі спортқа деген ынтасына бөгет болмады.
Дария Молдабай, шайбалы хоккей командасының ойыншысы:
- Өте қиын, иә. Ерлер спорты болғанымен қыздар өздері талпынып, өздерінің күшін көрсетіп, намыспен жеңуге тырысып жатыр бәрі. Бір жыл бұрын тізе жарақатын алдым. Содан кейін қазір енді-енді жаңадан қайта үйреніп келе жатырмын ойнауды. Емделу 6 ай алды. 6 ай ішінде реаблитациядан өттім.
Бала күнінен коньки тебуге құмартқан Дарияны кәсіби спортқа анасы жетелеген екен. Содан бері ол хоккей клубының белді ойыншысына айналды. Былтыр команда ел чемпионы атанса, биыл екінші орында келе жатыр.
Анастасия Оразбаева, команда капитаны:
- Команда жеңіске жеткенде, кубокті көкке көтергенде бойымызды мақтаныш кернейді. Жетістік бәрімізге ортақ. Команда үздік ойыншылармен жасақталған. Мен оларды мақтан етемін.
Дария өз тәжірибесімен бөлісуден жалықпайды. Қазірдің өзінде жеткіншектер мен жасөспірімдер командасына жетекшілік етіп жүр.
Дария Молдабай, шайбалы хоккей командасының ойыншысы:
- Мысалы, 4 жастан 6 жас. Сосын екінші группам бар. Ол жерде кішкене үлкенірек балалар. Ол жерде 13-тен 18 жасқа дейінгі балалар бар.
Командадағы ойыншылардың бірқатары ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Оларды наурыз-сәуір айларында маңызды матчтар күтіп тұр. Яғни, әлем чемпионаты басталады. Спортшылар ел намысын абыроймен қорғауға күш салмақ.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Серік Қоңырбаев