Қостанайда боз кілемде балуандар белдесті

Қостанайда да бүгін түрлі алаң, залдарда спорттың, он шақты түрінен жарыстар өтіп жатыр.

Ептілік, күш-қуат, ақыл-ой сынға түскен сайыстарға мыңға жуық адам қатысты. Соның ішінде төл өнеріміз қазақ күресіне деген, көпшіліктің қызығушылығы зор.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Мына жерде балуандар боз кілемнің шаңын қағып жатыр. Қазақ күресінен жарыс сағат 10-да басталған. Енді ғана финалдық бәсекеге тақады. Осыдан-ақ бұл турнирдің ауқымдылығын аңғарасың. Сегіз салмақ дәрежесінде жүзге тарта палуан өзара мықтыны анықтайды. Одан бөлек түйе палуан сайысы тағы бар. Ата-бабамыз ең аяғы ас берсе де, ат шаптырып, балуан белдестірген ғой. Сондықтан Ұлыстың ұлы күні мерекесін басқа-басқа, қазақ күресінсіз елестету мүмкін емес. Бүгінгі жарыс соның бір айқын дәлелі. Бұл жерге спортшылардың барлығы ұлттық нақышта киініп келіпті. Мұның өзі спорттық бәсекеге мерекелік сән беріп тұр. Ал енді жарысқа келетін болсақ, ашық турнир болғандықтан, бақтарын сынауға ауыл аймақтардан келгендер де аз емес. Арасында халықаралық додадаларда топ жарған танымал палуандар да бар. Бұл жарыс ақшалай сыйлығымен де қызықтырса керек. Әр салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздарға 70 мың теңге беріледі. Ал түйе палуанға 300 мың, екінші орын иегеріне 200 мың тенге ақшалай сертификат тағайындалған. 

Жәнібек Жұрқабаев, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- Айта кетелік, Наурыз мерекесіне арналған спорттық жарыстар бүгінгі күнмен шектелмейді. Ертең де, бүрсүгіні де жоспарланған іс-шаралар бар. 

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров