Балалар арасындағы ұлттық құрама Астана кубогінен айрылып қалды
Ұлтық құрама Люксембург қаласына жетті.
Мұнда футболдан УЕФА Ұлттар лигасы аясындағы кезекті кездесу өтеді.
Яғни жергілікті "Стад-де-Люксембург" стадионында Қазақстан және Люксембург құрамалары жолығады. Айта кетейік, қос команда да Еуропа чемпионатына шығуға бір табан жақын болып, соңғы кездесулерінде ғана есе жіберді. Яғни Қазақстан Грекиядан ұтылса, Люксембург Грузияға жол берген болатын. Сондықтан алдағы матч жолдастық форматта болады. Оның нәтижесі іріктеу кезеңіндегі кестеге еш әсер ете қоймайды. Десе де, футболшылардың тәжірибе жинап, шеберлік шыңдауына жақсы мүмкіндік дейді мамандар. Басқа жағынан, жеңіске жеткен тарап әлемдік рейтингтегі жағдайын жақсарта алады. Міне осы мақсатта Магомед Адиев баптайтын жігіттер жарыс алаңына келді. Соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Матч бүгін түнде, нақтырақ айтқанда, Астана уақытымен 00:45-те басталады.
Ислам Чесноков, футболдан ұлттық құрама мүшесі:
- Соңғы матчтан кейін көңіл-күйіміз жоқ. Десе де бүгін қайтадан ес жинап, жақсы ойын көрсетуге тырысамыз. Қазақстандық жанкүйерлердің үмітін ақтауымыз қажет. Бапкерлер құрамы да барынша қолдау танытып жатыр. Ол өте маңызды. Ішкі сенімімізді күшейтеді. Алдымыға қойған жоспарды ойдағыдай орындап, өзіміздің де, көпшіліктің де көңілін бір серпілткіміз келеді.
М. Адиев: Өзгеріс жасайтын уақыт келді
YOUTUBE.COM/ KFF
Командаға өзгеріс жасайтын уақыт келді. Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев осындай пікір білдірді. Ол Қазақстан мен Люксембург матчының алдында баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Оның аясында Афина қаласындағы жеңіліс туралы да сөз қозғады. «Бұл біз үшін үлкен сабақ болды. Командаға өзгеріс жасайтын уақыт келді. Әсіресе бас бапкер ретінде жаңа идеяны ең алдымен мен ұсынуым қажет», деді Магомед Адиев. Аталмыш өзгерістер жақын болашақта жасалады. Әсіресе Әзербайжан және Армения құрамаларымен жолдастық матч өткізгенде байқап көретінін жеткізді бас бапкер. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Грекия құрамасынан 5:0 есебімен жеңілді. Сәйкесінше 2024 жылғы Еуропа чемпионатына шығу мүмкіндігінен айырылды.
Магомед Адиев, футболдан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Өзгеріс жасау деген футболшыларды алып тастап, басқаларын әкелу дегенді білдірмейді. Онсыз да ұлттық құрамада таңдау соншалық көп емес. Алдағы уақытта қолда бар әлеуетті барынша тиімді пайдаланып, белгілі бір өзгеріс енгізуіміз қажет. Афиныдағы жағдай соны анық аңғартты. Уақытты көп созуға да болмайды. Аталмыш өзгерістерді алдағы жолдастық кездесулерде енгізуді көздеп отырмын.
Астана Кубогін мәскеулік өрендер жеңіп алды. Елордада футболдан балалар арасындағы халықаралық турнир мәресіне жетті. 10-11 жастағы жас аяқдопшылардың жарысына 16 клубтың шәкірттері қатысқан болатын. Оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан және Ресей командалары бар. Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлде мәскеулік «Спартакқа» бұйырды. Олар финалда павлодарлық «Ақсуды» ірі есеппен ұтты. 6:0. Ал үшінші орын үшін таласта жергілікті «Астана» мен ташкенттік «Бунеткор» жолықты. Ойын тең дәрежеде өтті. Тек соңғы минуттарда ғана «Астана» бір гол соғып, жеңісті жұлып алды. Ал «Астана» сапындағы Владислав Золотарев турнирдің «ең үздік шабуылшысы» атанды. Бұған қоса дәл осылай үздік қақпашы, үздік қорғаушы және үздік ойыншы аталымдары бойынша да арнайы сыйлықтар табысталды.
Бекзат Мейрамбекұлы, «Астана» футбол орталығының аға бапкері
Айта кету керек, мұндай турнир елордада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бастама ә дегеннен қалалық әкімдік тарапынан қолдау тауып, ресми жарыстар күнтізбесіне енгізілді. Сәйкесінше, алдағы уақытта оны тұрақты өткізіп, ауқымы мен форматын ұлғайту жоспарда бар.