Батуттан секіру үшін Парижге барады
Батуттағы гимнаст қарағандылық Данил Мұсабаев Парижде өтетін Олимпиадаға жолдама алды.
Бұл Қазақстан ұлттық құрамасының осы спорт түрі бойынша алғашқы лицензиясы.
Данил Мұсабаев 5 жасынан гимнастикамен айналысады. Бапкері Сергей Вертякиннен 20 жылдан бері тәлім алады. 2022 жылы әлемдік рейтингте бірінші орынға шығып, кейін Азия чемпионатында жүлдегер атанды.
Бұл жеңістері жерлесімізді жігерлендіре түскен. Тынымсыз еңбегінің арқасында бала күнгі арманы олимпиадаға бару мүмкіндігіне қол жеткізді.
Данил Мұсабаев, батуттағы гимнаст:
- Енді дайындықты барынша пысықтай түсеміз. Білікті бапкерлер, психологтармен бірігіп жұмыс істейміз. Жақында Азия чемпионаты. Содан соң олимпиадаға дайындық басталады. Жаттығулар Алматыда өтеді. Оған арнайы жоспар құрылуда. Қазір үлкен жарыстарда сұралатын күрделі әдістерді таза орындауға дағдыланамыз.
Париждегі басты жарыстарға 16 ер батутшы және сонша әйел қатысады. Халықаралық гимнастика федерациясы олимпиадалық лицензияларды жеңіп алған елдердің тізімін жариялады. Олардың ішінде Данил Мұсабаевтың да әлем кубогы кезеңдеріндегі көрсеткен өнері жоғары бағаланған. Дегенмен соңғы жарыс оңайға соқпапты.
Сергей Вертянкин, жаттықтырушы:
- Германияда өткен әлем біріншілігі психологиялық жағынан өте күрделі болды. Себебі батуттағы гимнастиканың кіл мықтылары жиналды. Көбі қобалжудың салдары ма, қателіктер жіберді. Данилдың да кемшіліктері болды. Алайда жалпы 5 әлем кубогының екеуіндегі жақсы көрсеткіштері бойынша 14-сатыдан көрінді. Бастысы лицензия қолда. Енді кемшіліктерді жоюмен айналысамыз.
Бала күннен баптаған төл шәкіртіне енді бапкері ғана емес бүкіл ел үміт артып отыр. Бұл оның Олимп шыңына ұшыратын алғашқы қыраны.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар, «24.KZ», Қарағанды облысы