Көшпенділердің көне ойынын көркейткен колумбиялық
Халқымыздың көне ойындарының бірі – тоғызқұмалақ қайта жаңғырып қана қоймай, әлем назарын аударып отыр. Төл ойынымыз мұхиттың ар жағында да сұранысқа ие.
Айтып отырғанымыз – 52 миллион тұрғыны бар Колумбия. Мұнай мен бағалы тастардың, қала берді атақты әнші Шакираның еліндегі тоғызқұмалақшылар жайлы айтсақ.
Бұл Колумбияның Кали қаласының Қоғамдық кітапхана ауласындағы қарапайым көрініс. Тоғызқұмалақтың партиясын сары киімдегі келіншек жеңіп алды.
Атақты әнші Шакираның отанына төл ойынымыз қалай келді десеңіз, Латын Америкасындағы алғашқы тоғызқұмалақшыны таныстырайын. Ол – Оскар Фахардо, Көшпенділердің көне ойынын Колумбияда көркейткен азамат.
Оскар Фахардо, Колумбияның алғашқы тоғызқұмалақшысы:
- Осыдан 20 жыл бұрын әлем ойындары жайлы зерттеу жасағам. Түрлі көрмелерге қатысып жүріп, 2005 жылы тоғызқұмалаққа кез болдым. Манкала ойындар тобына кіретін тоғызқұмалақтың ережесін интернеттен меңгеріп алдым. Сосын Колумбиядағы ағаш шеберіне келіп, ойын тақтасын жасап беруді өтіндім. Содан бері тоғызқұмалақтан қол үзген емеспін.
2008 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылып, төл ойынымыз төрткүл дүниеге мәлім бола бастаған шақтан бері, Оскар Фахардо 6 халықаралық байқау, 4 әлем чемпионаты мен қос бірдей дүниежүзілік көшпенділер ойынына Колумбия атынан қатысқан. Соның екеуінен қола жүлдемен оралған. Бүгінде өз командасын жасақтап, болашақтағы бәсекелерге дайындап жүр. Айтуынша алдынан 200-ге жуық шәкірт өткен.
Оскар Фахардо, Колумбияның алғашқы тоғызқұмалақшысы:
- Бұл ойында мені қатты қызықтырғаны – тұздық ережесі. Қарсыластың отауын иемденіп алатын осы бір ерекшелік ойынды нағыз стратегиялық майданға айналдырады. Сондай-ақ Орталық Азия халықтарының мәдениетімен танысудың тың жолы болғандықтан әрі жеке федерациясы бар салмақты ойын түрі болған соң қызығушылығым арта берді.
Оскардан соң бұл ойынға отандастары да қызыға бастаған. Әсіресе мұғалімдер. 2019 жылдан бері белсенді түрде тоғызқұмалақ ойнайтын Херман Гонзалес Кали қаласындағы қоғамдық кітапханадағы үйірмеге жетекшілік етеді. Шет тілі пәні мұғалімі ойынның зияткерлік құндылығына қайран қалған.
Херман Гонзалес, тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі:
- Біз оқытудың белсенді тәсілдерін қолданғымыз келеді. Сол себепті дәстүрлі оқытудағыдай кітап-дәптермен шектелмей, зияткерлікті дамытатын ойындарды бағдарламаларымызға қосып жатырмыз. Өздері де қызыққан соң, мен де үйретуден жалыққан емеспін. Бұл олардың ойлау қабілетіне пайдалы. Қазір шәкірттеріммен тоғызқұмалақтан Колумбия құрама командасына қосылып, түрлі жарыстарға қатысамыз. Балалар жүлделі оралып жүр. Оскар Фахардо рекордын жаңартар мықтыларды тәрбиелеп жатырмыз.
Сара Люсия Арсила Розеро, жас тоғызқұмалақшы:
- Тоғызқұмалақты жаңа мәдениетті, тілдер мен әлемді тану үшін ойнаймын. Әр ойын сайын түрлі айла-тәсілдерді, есеп-қисапты үйренген ұнайды. Қазақстан жайлы да ізденіп, біліп жатырмын. Үйренгеніме үш ай болды. Сол үшін қаламыздағы Спорт кітапханасына жиі келем.
Мария София Гомез, жас тоғызқұмалақшы:
- Тоғызқұмалақты қызыға ойнағалы бері – ойша есептеуім жылдамдап, есте сақтау қабілетім күшейіп келеді. Жүрісті жүрмей тұрып, қысқа уақыт ішінде ұтымды жолын ойлап табу – мықтының мықтысына тән. Сондай болу үшін, міне 3 жылға жуық тоғызқұмалақ ойнап келем.
Осыншама пайдасы болған соң Оскар Фахардо бастаған колумбиялықтар енді жалпыұлттық федерация құрып, ойынның кеңінен таралуына білек сыбана кіріскісі келеді. Тек өз елдерімен шектелмей, маңайындағы Мексика, Бразилия, Гватемала, Эквадорда шәкірт тәрбиелеп жүр. Перу мен Антигуа-Барбуда елдерінен де қызығушылық танытқандар бар. Алдағы тамыз айында солардың басын жиып, халықаралық турнир өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша Колумбия Латын Америкасындағы тоғызқұмалақты дамытушы хабқа айналмақ.
Ердана Ержанұлы, Ербол Дайыров, 24.KZ.