Әлемдік рейтингке көтерілген қазақ қызы
Әлемдік рекорд орнатқан спортшыларымызға 5 мың доллар беріледі. Дәл осындай көлемдегі сыйақы оның бапкеріне де қарастырылған.
Ал олимпиада чемпионы 250 мың, күміс жүлдегер 150 мың, қола жүлдегер 75 мың доллар алады.
Мәдениет және спорт министрлігі бұл мәліметтерді қазір жариялауы бекер емес. Өйткені Париждегі жазғы ойындарға бірер ай ғана қалды.
Қазақ қызы әлемдік рейтингке көтерілді
Олимпиадалық рейтингте үшінші, ал әлемдік рейтингте төртінші орында.
Қазақстандық Әбиба Әбужақынова халықаралық дзюдо федерациясының жаңартылған тізімінде бірнеше саты жоғарылап, қазақ қыздарында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш тіркеді.
Айта кетейік, Әбиба биыл өзі қатысқан ресми турнирлердің бәрінде жүлдеге ілікті. Алдымен Португалиядағы Гран-приде және Бакудегі Grand Slam-де қола жүлдегер атанды. Артынша Анталиядағы Grand Slam-де тағы қолаға, ал Ташкенттегі Grand Slam-де күміске қол жеткізді. Соның арқасында олимпиадалық рейтингте 4576 ұпай жинап, 48 келіге дейінгілер арасында үздік үштікті түйіндеп тұр.
Топ басында италиялық Ассунта Скутто болса, екінші орынға жапониялық Нацуми Цунода жайғасты.
Айта кетейік, Әбиба дзюдодан қазақ қыздары арасында әлем чемпионаты мен әлемдік Grand Slam-де жүлдеге іліккен алғашқы спортшы.
Сондай-ақ ол Азия чемпионаты мен Азия ойындарында да жеңіс тұғырына көтерілді. Десе де, жеткен жетістікке тоқмейілсіп отырған жоқ. Енді ол осы айдың аяғына қарай Гонконгта өтетін Азия чемпионатына қатысып, рейтингтегі жағдайын одан сайын жақсартуға тырысады.
Мағжан Шамшадин жарысқа қатысады
Мағжан Шамшадин тура бір айдан кейін татамиге оралып, әлемдік аламандарға қатыса бастайды.
Бұл жөнінде оның жеке бапкері Қален Қалиұлы мәлімдеді.
Олимпик кз сайтына берген сұхбатында спортшының физикалық жағдайы жақсы екенін жеткізді.
Түркияның Анталья қаласында жаттығу жиынына қатысып жатырмыз. Мамыр айында Тәжікстанның Душанбе қаласында өтетін Гран-при турнирінде, кейін Астанада өтетін Grand Slam турнирінде бақ сынаймыз деген жоспар бар, - деді бапкер.
Айта кетейік, Мағжан былтыр ауыр жарақат алып, содан бері байрақты бәсекелерге шықпады. Әсіресе аса маңызды саналатын рейтингілік турнирлерден қалып қойды.
Біз үшін Мағжанның денсаулығы маңызды. Сондықтан жарақатынан толық айыққан соң ғана жарысқа қатыстыруды дұрыс деп шештік, - дейді Қален Қалиұлы.
Мағжан Шамшадин дәл қазір олимпиадалық рейтингте 60 келіге дейінгілер арасында 24-орында тұр.
Магомед Адиев қызметін ауыстыра ма?
Адиев "Ахматқа" ауысуы мүмкін. Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиевке қатысты осындай ақпарат тарап жатыр.
Спорт порталдары мен телеграм арналар оны Ресей премьер лигасында өнер көрсететін "Ахмат" футбол клубын жаттықтыратынын алға тартады. Өйткені Грозный қаласының командасы қазір турнир тізімінің ең соңғы сатыларына түсіп, қиын жағдайға тап болды. Бірақ Магомед Адиев нақты тоқтамын айтпады.
Әзірге ештеңе дей алмаймын. Жақында өздеріңіз барлығын естисіздер, – деп қысқа ғана қайырды ресейлік маман.
Айта кетейік, УЕФА Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Адиев жетекшілік ететін қазақстандық жігіттер алдымен Грекияға, одан кейін Люксембургке ұтылып, Еуропа чемпионатына шығатын тарихи мүмкіндіктен айырылып қалды.
Адиев өзінің мансабында "Шахтер", Чайка", "Ахмат", "Анжи" және "Легион Динамо" сынды командалармен жұмыс істеген.
Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі
Қазақстанның қыздар құрамасы да Еуропа чемпионатына іріктеуді сәтсіз бастады.
Дәл қазір Грузия астанасы Тбилиси қаласында 19 жасқа дейінгі футболшылар арасында арнайы турнир өтіп жатыр. Оған Қазақстаннан бөлек, Эстония, Грузия және Солтүстік Ирландия құрамалары қатысады.
Жалпы есепте жеңіске жеткен команда «А» тобына шығып, Еуропа чемпионатының жолдамасына таласа алады.
Міне, дәл осы іріктеу турнирде жерлестеріміз алдымен Эстония командасымен кездесті. Матч аса тартысты өтті және 2:1 есебімен аяқталды. Қарсыластар ә дегеннен басымдықты өз қолдарына алып, қос гол соғып үлгерді. Қазақ қыздары тек 75-ші минутта ғана есеп айырмасын қысқартты. Бірақ ойын соңына дейін нәтижені теңестіріп үлгермеді.
Қазына Норбаева, Ұлттық құраманың капитаны:
- Орынбасар Дуренбекова жаттықтыратын қазақ қыздары тағы 2 кездесу өткізеді. Яғни үмітті үзбейміз. 6 сәуірде Солтүстік Ирландиямен, ал 9 сәуірде Грузиямен жолығу жоспарда бар.
Орынбасар Дәуренбекова, Ұлттық құраманың бас бапкері:
- Қателіктер болды. Әсіресе бірінші кезеңде мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана алмадық. Ал матчтың соңына қарай физикалық тұрғыда сәл ширақтық жетпеді. Қазір осының барлығын ескеріп, жаттығуды қайта пысықтаймыз. Жалпы алғанда қыздардың ойынына көңілім толады. Олар барын салып жатыр.
Аслан Қаженов, 24.KZ