Берлинді бағындырған желаяқ
Берлинде жүгіруден 43-жартылай марафон өтті. Дәстүрлі додаға биыл 39 мыңнан аса адам келген.
Солардың бірі – Тәкежан Талғар. Отандасымыз жарыс жолына шығып, бақ сынады.
Берлиндегі жартылай марафон бүгінде әлемдегі ең ірі бұқаралық жарыстардың бірі. Жыл сайын шартараптың түкпір-түкпірінен мыңдаған адам қатысады.
Биыл да солай. Сайысқа 39 мың марафоншы келген. Олардың арасында отандасымыз Тәкежан Талғар да бар.
Германия астанасындағы жартылай марафонға екінші рет қатысқан ол былтырғы көрсеткішін биыл 20 секундқа жақсартқанын айтады.
Тәкежан Талғар, HALBMARATHON BERLIN 2024 қатысушысы:
- Өте жақсы өтті. Берлин халқы сондай мейірімді, қонақжай халық. Жол бойында айқайлап бізге жігер берді. Сосын әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылармен жүгіру – адамға ерекше көңіл күй сыйлайды. Күн біраз ыстық болғаны болмаса, барлығы ойдағыдай. 1 сағат 16 минутта жүгіріп өттім. Бұл жарысқа 12 апта дайындалдым. Енді үш аптадан кейін Гамбург қаласындағы марафонда жүгіремін. Берлинде жақсы дайындық болды деп ойлаймын.
Тәкежан Талғар қазір Дрезден қаласында өмір сүреді. Спорттың осы түрімен айналысып жүргеніне бірнеше жыл болған. Жүгіру – сүйікті хоббиім дейді. Жаттығуға аптасына 6 күн арнайды екен. Ендігі мақсаты – бір айдан кейін Гамбургте өтетін марафонда 42 шақырымды жүгіріп өту. Кейін басқа да жарыстарға қатыспақ жоспары бар.
Тәкежан Талғар, HALBMARATHON BERLIN 2024 қатысушысы:
- Жоспарларым өте көп. Осы Гамбург қаласынан кейін қыркүйек айында Берлинде марафонда жүгіру жоспарда бар. Одан соң – Франкфурт қаласы. Қазағымыздың жастары жүгіру спортына көбірек айналысса деген үмітім бар. Жүгіру спорты табандылықты қажет етеді, көбірек жаттығуды қажет етеді, бірақ өте керемет.
Биыл Берлиндегі жартылай марафонды кениялық желаяқ Даниэль Эбенио жеңді. Ол мәре сызығын 59 минут 30 секундта кесіп өтті. Ал әйелдер арасында Эфиопиядан келген Текле Мулуат топ жарды. Ол 21 шақырымды 2 сағат 11 минут 53 секундта жүгіріп өтті.
Шолпан Найманбаева, Павел Рубан, 24.KZ, Германия