Адиев ақыры кетті
Қазақстан 3 саты төмендеп, 103-орынға жайғасты. Халықаралық футбол федерациясы соңғы матчтарды саралап, ұлттық құрамалардың рейтингін жаңартты.
Оған сәйкес, Магомед Адиев баптайтын жігіттер төмен қарай сырғыды.
Адиев "Ахматтың" бас бапкері болады
Ол күні кеше Грозный қаласына аттанды. Ал тараптар арасындағы келісімшарт бүгін жасалуы қажет. Бұл жөнінде қазақстандық және ресейлік спорт порталдары жарыса жариялап жатыр.
Айта кетейік, Ресей премьер-лигасында өнер көрсететін "Ахмат" футбол клубы қазір турнир тізімінің ең соңғы сатысына түсіп, қиын жағдайға тап болды. Ал оны жаттықтыратын Мирослав Ромащенко қызметінен кетті.
Магомед Адиев болса, 2018 және 2019 жылдары дәл осы "Ахматта" жұмыс істеген болатын. Тіпті оның алдында, яғни 2013-2017 жылдар аралығында грозныйлық клубтың дубьлі «Терек» командасын да жаттықтырды. Ресейлік маманнның өзі әлі нақты тоқтамын айтпады.
Әзірге ештеңе дей алмаймын. Жақында өздеріңіз барлығын естисіздер, – деп қысқа қайырды.
Еске сала кетейік, наурыз айында Магомед Адиев жетекшілік ететін ұлттық құрамамыз 3 кездесу өткізді. Түрікменстанмен болған жолдастық ойында 2:0 есебімен жеңіске жеттік. Одан кейін УЕФА Ұлттар лигасы аясында Грекия мен Люксембургке ұтылып, Еуропа чемпионатына шығатын тарихи мүмкіндіктен айырылып қалдық.
Бақтияр "Бешікташтан" кетпейді
Соңғы кезде ұлттық құраманың үздігі Бақтияр Зайнутдинов туралы да алыпқашпа әңгіме көбейді.
Әсіресе Түркиядағы БАҚ оны мерзімінен бұрын келісімшартты бұзып, ресейлік клубтарға ауысуы мүмкін екенін алға тартады. Тіпті "оны дәл қазір Спартак" пен "Краснодар" сатып алуға дайын екенін жеткізді. Жартылай қорғаушының трансфер құнына дейін жарияланды. 4-5 миллион еуро көлемінде.
Осыған байланысты Бақтиярдың агенті Евгений Новиков арнайы түсініктеме берді.
Оның айтуынша, ол клуб ауыстыруды жоспарлап отырған жоқ.
Біз «ЦСКА»-дан саналы түрде кеттік. Енді бір жылдан кейін Ресейге қайта бармаймыз ғой. Бақтияр, керісінше, Еуропада доп тебуді армандайды, – деді Новиков.
Айта кетейік, Бақтияр ыстанбұлдық клуб сапында бүгінге дейін 35 кездесу өткізіп үлгерді.
Қазақстан Қырғызстанды жеңді
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы сәуір айында бірнеше жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Соның алғашқысы күні кеше Тараз қаласында болды. Рикардо Кака баптайтын жігіттер көрші қырғыз елінің командасын қабылдады. Нәтижесінде 3:2 есебімен басым түсті.
Ұлттық құрама сапынан Шыңғыс Есенаманов, Азат Валиуллин және Батырхан Кенжеғалилер гол соқты. Ал қонақтар сапынан Кайрат Кубанычев дубль авторы атанды.
Енді ұлттық командамыз 7-9 сәуір күндері Өзбекстан құрамасына қарсы екі жолдастық кездесу өткізеді. Бұл матчтар да «Тараз Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылады.
Айта кетейік, ойындар жабық форматта болады.
Ұлттық құраманың бапкерлері ауысты
Қайрат Сәтжанов ұлттық құрамаға қайта келді. Бұған дейін ересектер командасын жаттықтырып, жоғары нәтижелер көрсеткен қазақстандық маман енді резервті дайындайды. Ол Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері қызметіне тағайындалды.
Айта кетейік, көпшілік Сәтжановты Токио олимпиадасынын кейін қазақ боксын көтерген маман ретінде біледі. Өйткені ол Сербиядағы әлем чемпионатынан 2 алтын, 2 күміс және 1 қоламен оралған болатын.
Бұған қоса, қыздар командасында да жаттықтырушы ауысты. Яғни жастар құрамасына Жангелді Ахметов аға бапкер болып келді.
Сонымен қатар Қазақстанның жасөспірім ұлдар командасына енді Мақсат Оспанов, ал жасөспірім қыздар командасына Айбек Әбілдә жетекшілік етеді.
Халықаралық жарыс мәресіне жетті
Түркістан қаласында бокстан олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық турнир аяқталды.
Жастар арасындағы байрақты бәсекеге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан 200-ден аса қатысушы жиналды. Олар 4 күн бойы өзара мықтыны анықтады.
Нәтижесінде, Бекзат Саттархановтың салмағында Ерәділ Ұзақбай топ жарды.
60 келіде Ғалымжан Ермекбаев жеңіске жетті.
Сонымен қатар Ахмет Үсен, Бақтияр Аскертаев, Диас Берікбай, Біржан Нұрымбетов және Дәулет Даниярлар өз салмақтарында чемпион атанды.
Биыл жарыс бағдарламасына қыздар бәсекесі қосылып, бұрымды боксшылар да бірнеше салмақта бас жүлдені сарапқа салды.
Ел намысын абыроймен қорғаған Бекзат Саттархановты халық жадында мәңгі сақтау үшін халықаралық турнир жыл сайын тұрақты өткізіледі. Биыл 22-ші мәрте ұйымдастырылды.
Аслан Қаженов, 24.KZ