Бішкекте лицензиялық жарыстар басталады
Париж Олимпиадасына 100 күнге жетер жетпес уақыт қалды.
Ал қоржынымыздағы жолдамалар саны 34 қана. Ендігі үміт палуандарда. Олар бүгін Бішкек қаласындағы лицезиялық жарысқа қатыса бастайды. Сөйтіп құрлықтық іріктеуде барын салып, көбірек жолдама алуға тырысады.
Аслан Қаженов, тілші:
- Байрақты бәсекенің алғашқы күні еркін күрес шеберлері белдеседі. Бұл бағытта әзірге 1 ғана лицензиямыз бар. Оны Азамат Дәулетбеков жеңіп алды. Енді қалған 5 салмақта жігіттер жолдамаға қол созып көреді.
Әлішер Ерғали, ұлттық құрама мүшесі:
- Жарыс алдында жеребе тарту рәсімі өтті және бұл жолғы кесте біз үшін салыстырмалы түрде сәтті деуге болады.
Негізгі үміт Әлішер Ерғали мен Юсуп Батырмұрзаев және орта салмақтағы Нұрқожа Қайпановқа артылып жатыр. Басқа жігіттердің де күтпеген нәтиже тіркеп, сенсация жасауына мүмкіндік бар.