Париж Олимпиадасы: спортшыларымыз 5 күнде 15 лицензия жеңіп алды

Париж Олимпиадасының басталуына 90 күнге жетер-жетпес қана аралық қалды. Қазір ұлттық команда спортшылары әлемнің түкпір-түкпірінде лицензиялық жарыстарға қатысып жатыр. Ал енді оның нәтижесі қалай? Жалпы Париж Олимпиадасына дайындық қандай деңгейде?

Олимпиадаға жолдама жеңіп алды

Мария Дмитриенко Париж Олимпиадасына қатысады. Алдағы жазғы ойындарда ел намысын қорғайтын спортшылардың қатары тағы біреуге артты. Бұл жолы стенд ату шебері Мария Дмитриенко жолдамаға қол созды. Оған олимпиадалық квота табысталды.

Айта кетейік, шымкенттік спортшы стенд атудың трап бағытында өнер көрсетеді. Талай халықаралық, құрлықтық және әлемдік аламандарда топ жарып жүрген тәжірибелі спортшы. Тіпті 2016 жылы Бразилияда өткен жазғы Олимпиадаға да қатысып, жалпы есепте 8-ші орынға тұрақтаған болатын. Енді Франциядағы жазғы ойындарда одан да жақсы нәтиже тіркеп, жеңіс тұғырына көтерілуді жоспарлап отыр. Мария қазір Қатар астанасы Доха қаласындағы лицензиялық турнирге қатысып жатыр. Сол жарыс барысында квота иемденгені белгілі болды. 

 

Қоржынымызда 47 жолдама бар

Ұлттық құрама қоржынындағы жолдамалардың жалпы саны 47-ге жетті. Әсіресе соңғы 5 күнде қазақстандық спортшылар 15 лицензия жеңіп алды. Бұл жөнінде Олимпиада ойындарына дайындық жөніндегі штаб басшысы Елсияр Қанағатов мәлімдеді. Соңғы жолдаманы жоғарыда айтқан сұрмерген Мария Дмитриенко иемденді. Оның алдында Оңтүстік Кореядағы іріктеу сынында ескек есушілеріміз, ал Қырғызстандағы іріктеу сынында палуандарымыз жақсы нәтиже көрсетті. Соның арқасында жолдаманың жалпы саны 50-ге жуықтады. Алда әлі 30-дан аса лицензиялық турнир бар. Кей спорт түрлерінде жолдама рейтинг бойынша беріледі. Міне, осының барлығын ескергенде Париж Олимпиадасына дейін 80 лицензия алуды көздеп отырмыз. Сол мақсатта спортшылармен де, бапкерлермен де тығыз байланыста жұмыс атқарылып жатыр», – деді Елсияр Қанағатов.

 

С. Тәшкенбай Азия чемпионатына қатыспайды

Санжар Тәшкенбай Азия чемпионатына қатыспайды. Бірер күннен кейін Астанада бокстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы құрлықтық дода басталады. Көпшілік байрақты бәсекеде Санжар Тәшкенбайды көргісі келген. Өйкені ол 22 жасқа толған жоқ. Сәйкесінше жастар арасындағы жарысқа қатысуға толық қақы бар. Оның үстіне Париждегі Олимиадаға да бармайтыны белгілі. Яғни жазғы ойындарда ең жеңіл салмақта Қазақстан атынан Сәкен Бибосынов бақ сынайды. Ал Санжар әзірге бос.

Бірақ ол Астанадағы аламанда да шаршы алаңға шықпайтыны белгілі болды. Себеп: жарақаты бар. Осылайша, былтыр ересектер арасында әлем чемпионы болған Санжарды жанкүйерлер елордадағы жарыстан көре алмайды. Астанадағы Азия чемпионатына қатысатын ұлттық құраманың тізімінде Кенже Мұратұлы, Нұрсұлтан Алтынбек, Ерболат Сабыр, Елнұр Сүйінбай және Сабыржан Аққалықов сияқты өрендер бар. Бас-аяғы 13 салмақ ойынша 13 жерлесіміз өнер көрсетеді. Азия чемпионатының өзі 27 сәуірде басталады.

 

С. Төлтаев кәсіпқой боксқа ауысты

Ал Санатәлі Төлтаев кәсіпқой боксқа ауысты. Ұлттық құрама сапында біраз жылдан бері жүрген былғары қолғап шебері осындай шешім қабылады. Бұл жөнінде Санатәлі SPORT+ арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. «Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегім мамыр айында өтеді. Қарсыласым жайында жақын уақытта ресми жариялаймын», – деді қазақстандық боксшы. Оның айтуынша, кәсіпқой боксқа ауысу туралы ой біраздан бері болған. Бірақ Олимпиадаға іріктеу өткенше асығыстық танытпапты. Яғни 63,5 келіде лицензиялық жарыста кімнің өнер көрсететіні белгілі болғаннан кейін ғана Санатәлі жеке мансабына қатысты шешім қабылдады.

Айта кетейік, ол орта салмақта 2021 жылы Белград қаласында және 2023 жылы Ташкент қаласында өткен әлем чемпионаттарына қатысты.

 

Ұлттық құрама қай алаңда ойнайды?

Отандық футболға қатысты бір ақпарат. Қазақстан құрамасы өз алаңындағы ойындарды Астана Аренада өткізеді. Бұл жөнінде Qazsport-қа сілтеме жасап Vesti.kz  порталы мәлімдеді.

Айта кетейік, Астана қаласындағы басты стадион жуырда ғана күрделі жөндеу жұмыстарына жабылған еді. Сәйкесінше ұлттық құрамамыз ұлттар лигасы аясындағы матчтарды қайда өткізеді деген сұрақ туындады. Өйткені елімізде УЕФА талаптарына сай келетін басқа футбол алаңы жоқ. Ал ұлттық құрама ойындарын шетелдерде ұйымдастыру жанкүйерлерге ыңғайсыздық тудырады. Міне, осының барлығы ескеріліп, талмыш матчтарды Астана Арена қабылдайтын болды. Яғни күзде бұл жерге Австрия, Норвегия және Словения командалары келеді. Алғашқы кездесу 6 қыркүйекте Норвегия құрамасына қарсы болады. Бұған қоса Қазақстан премьер-лигасындағы жергілікті «Астана» және «Жеңіс» футбол клубтары да өз алаңындағы ойындарды осында ұйымдастырады.