Елордада Жақсылық Үшкемпіровтің рухына тағзым етілді
Бүгін қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы, грек-рим күресінен әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің туған күні.
Тірі болғанда жетпістің үшеуіне толар еді. Жампоз перзентті еске алған бір топ қауым бас қаладағы батырдың атымен аталатын жекпе-жек сарайына жиналды. Гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Әлемдік байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген бір топ палуандар елордадағы жекпе жек сарайына жиналды. Бұл жолы боз кілемде емес, Жақсылық Үшкемпіровтің құрметіне қойылған ескерткіштің алдына сап түзеді. Себебі бүгін Олимпиада чемпионының туған күні, тірі болғанда 73 жасқа толар еді.
Боз кілем шеберінің рухына тағзым етіп, құрмет көрсеткендердің сапында алдағы Париж олимпиадасына қатысатын қазақстандық спортшылар да бар. Дода алдындағы дайындық жақсы. Енді бап пен бақ сай келіп, данқты ұлдың дара жолы дарабоздарға да жұғысты болса екен, дейді ұйымдастырушылар.
Елдос Сметов, дзюдодан екі дүркін олимпиада чемпионы:
- Бүгінгі іс-шара Олимпиада ойындарының алдында өтіп жатқан нәрсе. Үлкен мотивациялық септігін тигізеді деп ойлаймын. Өйткені олимпияда алдындағы осындай олимпияда чемпиона, үлгі тұтар ағамыздың ескерткішінің алдына келіп, еске алып, сол кісіден бата алған адамдардың рухтанып, делебесі қозып шығады деген секілді ағамыздың жолы бәрімізге жұғысты бола берсін.
Сондай-ақ бұл дзюдошылар апта аяғында Астанада өтетін гран слэм турниріне қатысады. Әр салмақтан 4 спортшы, бас аяғы 60-тан аса палуан ел намысын қорғайды.
Ербол Мырзабосынов, ҚР МСМ, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:
- Жалпы ол кісі айналысқан күрес түрлерінде бүгінгі күні палуандарымыз лицензияларға күресіп жатыр. Ертеңгі күні елімізде дзюдо күріесінен үлкен гран слэм жарысы бекітіліп жатыр. 10-12 аралығында өтеді. Жақын арада Түркия мемлекетінде лицензиялық жарыстар басталады.
Осы жолы да Франция бәйгесінің жолдамасы жүлдеге тігеледі. Бұл дзюдошылардың соңғы мүмкіндіктерінің бірі. Қазір ел қоржынында жалпы спорт түрінен 50 жолдама бар.
Шернияз Жалғасбекұлы, Өрден Жарқын