Қазақстанның «Super Bol» жобасы Ташкентте жалғасын тапты
Кәсіпқой футболшы болсам деп армандайтын балаларға мол мүмкіндік беретін «Super Bol» жобасы Ташкентте жалғасын тапты.
Оның іріктеу кезеңіне жергілікті 2 мыңға тарта өрен қатысып, бақтарын сынады. Бұған дейін Қазақстанда кең ауқымда өткізілген реалити-шоу 15 жеткіншектің кәсіби футболшы атануына жол ашқан. Енді мұндай мүмкіндік көрші елдегі жас дарындарға да ұсынылмақ.
Арман қуған жастарды бір құрамада тоғыстыратын әлеуметтік-спорттық жобаға әдетте әлемге әйгілі футболшылар келеді. Бұл жолы ағылшындық аты аңызға айналған қақпашы Дэвид Джеймс іріктеу кезеңінің құрметті қонағы атанып отыр. Ол қазақстандық жоба жайлы 3 жылдан бері біледі. Сырттай бақылап, қатысушы өрендердің аяқалысын бағамдаған.
Дэвид Джеймс, футбодан Англия құрамасының бұрынғы қақпашысы:
- Мен осындай жобаны Қытайда жүзеге асырғым келген. Бірақ оған пандемия кедергі болды. Кейін Қазақстанда «Super Bol» басталғанын естіп, шыны керек қуандым. Себебі футбол бұл үлкен индустрия. Бұған көп қаржы құйған сайын пайдасы молырақ болады. Бастысы жастардың өсіп-жетілуіне осындай жағдай жасалып тұрғаны жөн.
Биыл жоба еліміздің 4 қаласы, яғни Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкентте жалғасын табады. Сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан кастинг қатысушыларын қабылдайды. Ташкенттегі сын Өзбекстан футбол қауымдастығының арнайы базасында өтіп жатыр. Ұйым жобаның ресми серіктесі атанған. Іріктеудің алғашқы күні 2 мыңға тарта өреннің өнері бағамдалды. Таланттарды таңдау жүйесіне келсек, бұл міндет кәсіби жаттықтырушы мен скауттарға жүктелген.
Ұлан Қонысбаев, «Super Bol» жобасының скауты:
- Бұл жас балаларға өте жақсы жоба. Енді жас балалар футболда үлкен мүмкіндігін ала алмағандықтан, оларға бақтарын тағы бір сынау үшін жаңа мүмкіндік беріліп отыр. Өзбекстан астанасы бесінші қала. Әр қаладан қарап жатырмыз.
Алғашқы сыннан өткендер Шымкенттегі арнайы футбол базасына барады. Қатысушылар жатын орын және басқа да керек-жарақпен қамтамасыз етіледі. Ал арада 1 ай өткен соң олар шешуші шоу-матчта бар шеберлігін көрсетіп, кәсіби ойыншы атануға мүмкіндік алады.
Тимур Турлов, «Freedom Holding Corp» басшысы, жобаның бас демеушісі:
- Бұл идеяны алғаш рет 2021 жылдың көктемінде талқыладық. Жастар футболында балаларға өсу үшін жағдай жасауды жөн деп ұйғардық. Өйткені біздің өз таланттарымыз көп. Олар белгілі себеппен футбол мансабын жалғастыра алмауы мүмкін. Алғашқы жылы солардың үлкен қызығушылғын көрдік. Ірі қалалар мен аудандарды аралап шықтық. Биыл Бішкек пен Ташкентті де жобаға қосып отырмыз. Реалити-шоу 17 мен 23 жас аралығындағы кез келген жеткіншек қатыса алады.
Еске салайық, «Super bol»-дың бұған дейінгі екі маусымында 15 жеткіншек үздік атанған болатын. Олар осы күні Қазақстан кәсіби футбол клубтары мен жастар құрамасының сапына қосылды. Өзбекстандағы іріктеудің нәтижесі ертең белгілі болады.
Рауан Мыңбаев