Қытаймен спорт саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды

Еліміздің Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қытайдың дене шынықтыру және спорт жөніндегі басқарма басшысы Гао Чжиданмен екіжақты келіссөз жүргізді.

Қос тарап спорт саласында ынтымақтастықты дамыту және 2025 жылғы қысқы Азия ойындарына қатысу мәселелерін талқылады.

Одан кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің спорт саласына жауапты басшылары Алматы облысы Қарасай ауданындағы Олимпиадалық даярлау орталығының жұмысымен танысты. ТМД бойынша ең ірі спорт кешендерінің бірі саналатын нысан халықаралық стандарттарға сай салынған. Онда 23 спорт түрі бойынша олимпиадалық резерв және ұлттық құрама жаттығады. Кешен 2300 адамға шақталған. Бұдан кейін шетелдік делегаттар Олимпиадалық даярлау орталығының аумағына ағаш екті.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Біз қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғыздық. Осында арнайы келген қонақтарға алғыс айтамын. Спорттағы жеңістеріңіз арта берсін. Туризмді бірге дамытайық.