М.Базарбайұлы Куба боксшысымен жұдырықтасады

Мұхамедсабыр Базарбайұлы Таиландта топ жарса, бокстан Қазақстан құрамасы Олимпиадаға толық құрамда барады, деп хабарлайды 24KZ.

Италияда жолы болмаған Базарбайұлы Бангкокке бару үшін Астанада ел мықтыларымен айқасты. Нағыз бабында екенін көрсетіп, тағы бір мүмкіндік алды. Енді міне, Таиланда тер төгіп жүр. Осыған дейін түркиялық Айколдан айласын асырған Базарбайұлы кеше ширек финалға жолдама алу үшін италиялық Джанлуиджи Маланганы қапы қалдырды. Жекпе-жек барысында Мұхаммедсабыр жинақы қимыл өрнегін көрсетті. Қарсыласына көбірек соққы жұмсады. Нәтижесінде төрешілер 4:1 есебімен жерлесімізге жеңісті берді. Енді Базарбайұлы кубалық Эрисланди Альвареспен шаршы алаңға шығады.

 

Бокс: Бұрымдыларымыз жеңіліп қалды

Кеше шаршы алаңға шыққан бұрымдыларымыздың жолы болмады. 66 келіде сынға түскен Наталья Богданова турнирдегі алғашқы жекпе-жегінде сербиялық Кристина Кулуховаға төрешілер шешімімен есе жіберді. 60 келідегі жерлесіміз Римма Волосенко да үндістандық Анкушита Бородан ары аса алмады. Осыған дейін 54 келідегі Ұлжан Сәрсенбек те жарысты сәтсіз аяқтаған еді. Әйелдер құрамасынан ендігі үмітіміз – Назым Қызайбай мен Валентина Хальзовада. Аруларымыз жолдаманың жолында жеңіліп қалса, Олимпиадаға тек Карина Ибрагимова барады. Ол мұндай мүмкіндікке былтыр қазан айында Қытайда өткен Азиадада қол жеткізген болатын.

 

«Ролан Гаррос»: Бублик германиялық Ян Штруффпен жолығады

Францияда 133 жылдық тарихи бар «Ролан Гаррос» турнирі жалғасып жатыр. Бүгін жарыс жолына жерлестерімізден қос Александр шығады. Шевченко турнир қожайыны Мутемен шеберлік байқасса, Бублик германиялық Ян Штруффпен жолығады.

Бүгін ерлермен бірге аруларымыз да кездесулерін өткізеді. Әлемнің 4-ші ракеткасы Елена Рыбакина нидерландық Аранча Руспен, ал Путинцева испан қызы Хиберт Бадосамен жолығады.

 

Олимпиадаға Қазақстан гимнастшылары толық құрамда қатысады.

«Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Гимнастиканың үш түрінен де Олимпиадада сынға түсеміз. Бұл біз үшін үлкен жетістік», -Гимнастика федерациясының президенті Әлия Жүсіпова осылай деді. Жақында ғана спорттық және көркем гимнастикадан лицензиялық Азия чемпионаты аяқталды. Ташкентте өткен біріншілікте біздің спортшылар аянып қалған жоқ. Карими мен Құрбанов спорттық гимнастикадан, ал Эльжана Таниева көркем гимнастикадан чемпион атанып, Олимпиада жолдамасына ие болды. Ал батутты гимнастикадан Данил Мұсабаев әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша жолдамаға иелік еткен. Жерлестеріміз 2016 жылы спорттық гимнастикадан, 2020 жылы батутты гимнастикадан жолдамасыз қалған еді. Биыл төртжылдықтың басты додасына тұңғыш рет Қазақстан гимнастшылары толық құрамда қатысады.

 

Шетелдік мамандар суда жүзуден шеберлік сабағын өткізді

Суда жүзуді шетелдік мамандар үйретеді. Алматыдағы қазақ спорт және туризм академиясында балалардың бассейндегі жүзу қауіпсіздігі бойынша семинар өтіп жатыр. Польша-Америка халықаралық бағдарламасы әлемдегі жетекші жобаның бірі саналады. Курста мамандар төрт күн бойы біліктілігін шыңдайды әрі судағы қауіпсіздік шарттарымен танысады. Жоба аясында 250 студент пен 25 оқытушы және 25 нұсқаушы бір апталық тегін дәріс алады. Қатысушыларға біліктілігі бойынша сертификаттар табысталады.

 

Футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалы басталды

Жартылай финалдың алғашқы жұбы болып «Атырау» мен «Тобыл» командалары кездесті. Ойын бірінші таймның соңына дейін тең нәтижеде өрбіді. Алайда 40 минутта төреші «Атырау» қақпасына пенальти тағайындап, «Тобылдың» сапында ойнайтын мароккалық Эль-Мессауди мүлт кетпей командасын алға шығарды. Ал 85 минутта жергілікті жас жүйрік Жасұлан Жұмашев есепті еселей түсті. Нәтижесінде жауапсыз 2 голмен алаң иелері жеңіске жетті. Енді қарымта ойын 19 маусым күні Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында өтеді. Ал жартылай финалдың екінші жұптық ойыны «Ақтөбе» мен семейлік «Елімай» арасында өтті. Көптің де күткені осы ойын болды. Себебі премьер-лиганың көшбасында осы екі команда тайталасып келеді. Ақтөбеліктер бірінші таймның өзінде семейліктердің қақпасынан екі рет саңлау тауып кетті. Доминикандық Дорни есеп ашса, Самородов есепті еселеді. Ал екінші таймда ойын тең дәрежеде өтті. Жалпы есеп – 2:0. Енді «Елімай» «Ақтөбені» 19 маусым күні өз алаңында қабылдайды.

 

Александр Кержаков «Қайрат» ФК бас бапкері атанды

«Қайрат» футбол клубының бас бапкері қызметіне ресейлік Александр Кержаков тағайындалды. Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлімдеді. Кержаков ойыншы ретінде «Зенитте», сондай-ақ испаниялық Севилья, швейцариялық «Цюрих» пен Ресейдің «Динамо» командаларында ойнаған. Ол Испания кубогы мен суперкубогының, Швейцария Кубогының иегері. Ал бапкерлік мансабын 2017 жылы Зенит футбол клубының академиясында бастаған. 2018-2020 жылдар аралығында Ресейдің 17, 18, 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамаларын жаттықтырған. Сондай-ақ ол кипрлік «Кармиотисса» мен сербиялық «Спартак» футбол клубтарын баптады. Бұған дейін алматылық клубта Кирилл Кекер бас бапкер қызметін атқарған еді. Команданың төмен нәтижесіне байланысты ол орнынан кетті. 2023 «Қайрат» маусымды 4-ші орынмен аяқтаған еді, биыл 9 ойында 15 ұпай жинап 3-ші орында келеді. Ал Қазақстан кубогында «Атырауға» есе жіберді.