Олимпиада-2024: қазақ спортшыларының ойындарына А. Сейтханның ұлы комментатор болады
Белгілі спорт журналисі Амангелді Сейтхан тірі болса, биылғы төрткүл дүниені өзіне қарататын төртжылдықтың басты спорт додасының ортасынан табылар еді.
Болмаса құлаққабын киіп алып, комментаторлар кабинасында әр спортшы үшін күйіп-жанып отырары сөзсіз еді. Бірақ Амангелді Сейтханның «Жеңісті күндерде жүздескенше!» деген әдемі тіркесін енді бейнеқордан ғана естиміз.
Дегенмен «Хабар» арнасы Париж Олимпиадасы кезінде тағы бір Сейтханның тұсауын кеспекші. Бекасыл Сейтхан әкесі осы арнада 30 жылға жуық бұрын бастаған комментаторлық кәсіпті қолға алды. Әкесі көз жұмған соң ізін жалғастыруға кіріскен ол соңғы бір жылдан астам жеке спорт арнасында шеберлігін шыңдап жүр.
«Әке көрген – оқ жонар» деген осы болар. Бірнеше жыл бұрын әкесінің жүргізген ойындарын көгілдір экраннан тамашалап жүрген кішкентай Бекасыл қазір өзі де қолына микрофон алып, асқар тауының ізін қуып келеді. Айтуынша, бұл өнерге бала кезінен құмартқан.
Бекасыл Сейтхан, спорт комментаторы:
- Ат тізгінін тартып, бәйге шапқан баламыз ғой. Бала кезде дәл сол шауып бара жатқан бәйгемді өзім жүргізіп отыратынмын комментатор ретінде. Малдың артында да өстік. Қойларымды да футболистерге теңеп, «Марадона кетіп бара жатыр» деп, сондай бір ойын-сауық құраған кездеріміз де болды енді. Меніңше, соның барлығы іргетасты қалап берді.
Алайда бұл қызығушылығын ол әкесіне байқата қоймапты. Сол себепті де Амангелді ағамыз үйінде өзін өкшелей болашақ комментатор өсіп келе жатқанын мүлдем білмеген. «Ал қазір Бекасыл – айнымаған әкесі», – дейді әріптес ағалары.
Жандос Айтбайұлы, спорт журналисі:
- «Тектіден текті туады» деп қазақ бекер айтпаса керек. Мен осы Әбекеңнің бойындағы асыл қасиеттердің көбі баласы Бекасылға дарығанын байқадым. Ол кісінің тапқырлығы, шешендігі, барлық керемет қасиеттері Бекасылдың бойынан көрінеді. Бекасыл да әкесі сияқты жалпы қазаққа танымал мықты комментатор болады дегенге сенімдімін. Өйткені ынтасы бар, талпынысы бар. Әкемнің жолын жалғастырсам деген өзінің ниеті бар. Енді жас комментатор болғаннан кейін көгілдір экраннан көріп отырған көрермендер де түсіністікпен қарайды деген ойдамыз.
Бекасыл спорт телеарнасында жұмыс істеген 1,5 жыл ішінде 100-ден астам эфир жүргізіпті. Алайда үлкен спорт мерекесінің алдында қобалжу бар екенін жасырмайды. «Дегенмен Олимпиада ойындарының көрсетіліміне қатысып, тізгін ұстау да бір бақыт», – дейді ол.
Бекасыл Сейтхан, спорт комментаторы:
- Олимпиада алдындағы сезім керемет. Себебі алғашқы үлкен додам жүргізетін, бұйырса. Дәл осы Олимпиаданың алдында іріктеу ойындарының барлығын мен жүргіздім. Спортшыларды өте жақсы танимын, олардың қалай өнер көрсеткенін. Енді, міне, Олимпиадада сәл сондай қарқынмен жүргіземіз.
Бекасылмен қатар биылғы Олимпиаданы «Ел Арна» және «Хабар» телеарналарынан тағы 7 әріптесіміз жүргізеді. Ал Амангелді Сейтхановтың ізбасары, жас комментатордың алғашқы эфирін 27 шілде күні «Ел Арнадан» тамашалай аласыздар.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аманжол Байғазин.