Олимпиада - 2024. Қазақстандық садақ атушылар жарысқа шығады

Олимпиада ойындары қарсаңында алғаш болып жарыс жолына садақ атушылар шығады.

Ел атынан Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай және Александр Еременко сынға түседі. Олар жекелей сында бақ сынайды. Спортшыларды рейтингілік раунд күтіп тұр. Плей-оффқа шыққандар 30 шілде күні 1/32 айналымда өнер көрсетеді. Жарыс бүгін Астана уақытымен 17:15-те басталады. 

Қанат Байұзақов, спорт журналисі:

- Осы Париж олимпиадасында бір ерекшелік ретінде күтпеген спорттардан да жүлде болуы мүмкін. Атап айтар болсақ, бұл семсерлесу және садақ ату. Неге бұл спорттар? Себебі бұл спорт түрлерінде қатысушылар саны аз. Садақ атуда 12-ақ мемлекет сынға түсетін болса, семсерлесуде 8-ақ команда сынға түседі. Яғни 2-3 жеңіс оны жүлде тұғырынан көріну мүмкіндігін арттырады деген сөз. 

Францияда қысқы Олимпиада ойындары өтеді

2030 жылы Франция қысқы олимпиада ойындарын өткізеді. Шешім халықаралық олимпиада комитетінің 142-сессиясында қабылданды. Әзірге қысқы ойындар Альпі тауларының баурайында өтеді деп жоспарланып отыр. Осымен Ақ олимпиада жалауы Франция жерінде 4-мәрте желбірейді. Бұған дейін 1924, 1968 және 1992 жылдары ұйымдастырылған.

Олимпиаданың 270 мың билеті сатылған жоқ

Париждегі жазғы Олимпиада ойындарына небәрі бір күн қалғанда 270 мың билет әлі сатылған жоқ. Бір апта бұрын 600 мың билет жалпы сатылымға шыққан. Олардың 300 мыңнан астамы өтіп кетті. Қалғанына сұраныстың болмауын сарапшылар қымбат немесе олимпиада ойындарына қызығушылықтың төмендеуімен байланыстырады. Бірақ ұйымдастырушылар бұған дейін билеттің 90%-ы, яғни 8,8 млн-ы сатылғанын мәлімдеді. Бұл 2012 жылғы Лондон және 2008 жылғы Пекин ойындарына қарағанда бірнеше есе көп.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындық басталды 

Садақ атудан ұлттық құрама көшпенділер ойындарына қызу дайындықты бастап кетті. Спортшылардың оқу-жаттығу жиыны Алматыда өтіп жатыр. Оған 12 адам қатысып, 10 спортшы іріктеліп алынған. Қалған екеуі резервте болады. Бүгінде дәстүрлі садақ атудан көшпенділер ойындарына 35 елден барлығы 300-ге жуық спортшы тіркелген. Яғни бәсекелестік жоғары.  

Ажар Рахметқызы, спортшы:

- Көшпендідер ойынына дайындығымыз өте жақсы. Айына 2 апталап оқу-жаттығу жиынында жүрміз. Таңертең 150 оқ, кешкісін 150 оқ... Жалпы оқу-жаттығу жиынында көптеген тәжірибе. Садағымды ауыстырдым. Өзіме қажетті оқты таптым. Яғни әр жаттығу бір саты жоғары көтерілуге өз әсерін тигізіп жатыр.

Түркі әлемі көз тіккен Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 1 айдам астам ауақыт қалды. Оған 100-ге жуық елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Байрақты додада 21 ойын түрінен 97 медаль сарапқа салынады.

Диас Ахметов, садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы:

- Дәстүрлі садақ ату қазақтың қанында бар спорт түрі болғандықтан міндетті түрде жеңіс тұғырынан көрінуіміз керек. Сол үшін күнделікті үзбей жаттығу жасаудамыз. Және қазір бұл спорт тек қазақ елінде емес, басқа елдерде өз дәстүріне кірген, сіңген спорт түрі. Сондықтан біз үшін бұл сайыс оңай болмайды.