Олимпиада ойындарының ашылуы өтеді
Бүгін төрткүл дүние асыға күткен төрт жылдықтың басты додасы
33-жазғы Олимпиада ойындары басталады. Қазір әлем назары Парижде. Жаһанның 10 мыңнан астам спортшысы Франция төрінде бас қосып, өзара мықтыларды анықтайды. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Бұл Олимпиада бұрынғыдан өзгерек. Тарихта тұңғыш рет Париждегі жазғы ойындардың ашылуы стадионда емес, Сена өзенінде өтеді. Онда әр ұлттық құрама жеке қайыққа мініп, бірінен соң бірі шерулетеді. Жиында көк байрағымызды боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова ұстап шығады. Қазір қазақстандық спортшылардың алғашқы легі олимпиада қалашығына жайғасып, қызу дайындықты бастап кетті.
Бектұр Байрамбайұлы, арнайы штаб өкілі:
-Қазір спортшылардың жартысына жуығы олимпиада қалашығына келіп орналасты. Өйткені әр спорттың жарыс кестесі әркелкі болғандықтан әр бас бапкердің жоспары бойынша өз уақытымен келетін болады. Сондықтан жарсты ерте бастайтын командалар келіп жатыр. Кеш бастайтындар мысалы палуандар олимпиаданың 2-жартысында келеді.
Әзірге Олимпиада алауы жанбаса да алғашқы спорттық сайыстар басталып кетті. Кеше жарыс жолына садақшыларымыз шықты. Отандастарымыз арасынан Дәулеткелді Жаңбырбай 22-ші, Ильфат Абдуллин 29-шы, Александр Еременко 59-орынға жайғасты. Енді турнир кестесі жасақталып, плей-оффта кездесетін қарсыластар анықталады. Сондай-ақ, дзюдошылар мен боксшылардың алғашқы қарсыластары белгілі болды. Олар ертеңнен бастап өнер көрсетеді.
Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
-Енді бірінші күннен бастап айтып жатырмыз өздеріңді бірінші кезекте мықты сезіңіздер. Жыл бойы осы жарысқа дайындалды. Сол себепті өзіне сеніп, өзін жеңген адам басқаларды да жеңеді. Олимпиада ол басқа жарыс. Әлем чемпионаты емес, Азия чемпионаты емес бұл спорттың ең биік шыңы. Сол себепті боксшыларымызды жақсылап дайындап жатырмыз.
Дүбірлі додада ел атынан 80 атлет спорттың 25 түрінен сынға түседі. Лицензия саны - 92. Олимпиада ойындарының ресми ашылуы бүгін сағат 21:55 те басталады. Оны «Хабар» және «Еларна» телеарналары тікелей эфирде көретеді. Жазғы ойындар 11 тамызға дейін жалғасады.
Мерей Қанапия