Ислам Сәтбаевтың анасы қуанышымен бөлісті

Ел қоржынына алғашқы қола медаль салған Ислам Сәтбаев пен Александра Ленің ата-анасы Алматыда тұрады.

Сүйінші хабарды ести сала, біздің түсіру тобымыз чемпиондардың отбасына хабарласып, құтты болсын айтып барды. Исламның анасы түс көргенін айтып қуанышымен бөлісті. «Түсімді жақсылыққа жорыдым. Ешкімге айтпадым. Түсімде балам Олимпиада символы саналатын 5 шарды төбесіне көтеріп, шаттанып  тұр екен. Ертесінде ұлым хабарласып, өнер көрсететінін айтты. Содан теледидардың алдында тапжылмай отырдым», – деп ағынан жарылды.

Спортышының өзі 7-сыныптан бастап нысана көздеу спортымен айналысқан. Бұған дейін бірнеше дүркін халықаралық, республикалық жарыстарда жүлделі орыннан көрінген. Жасы 25-те. Алматы қаласында туып өскен.  Былтыр ғана отбасын құрыпты. 

Әлия Сәтбаева, И. Сәтбаевтың анасы:

- Кеше түнде балам хабарласып: «мама, тікелей эфир болады, қатысамыз, «Хабардан» қарап ал», – деді. Нәтижесін қосқан кезде ІІІ орын алды. Қуанып, жылап, немерем жылап, апайым жылап. «Ислам ІІІ орын алды» деп. Бір жеті бұрын түс көрдім. Мынандай Олимпиада сақинасымен менің балам тұр. «Мама, мен міндетті түрде ұтып алам», – деді. Жаңалықтарды естіген кезде: «құдайым-ау, менің түсім шын болған екен ғой», – деп ойладым. Жақсы түс көрдім.