Олимпиада елордалық балалардың спортқа қызығуын арттырды
Париж Олимпиадасы елордалық балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыруда.
Мәселен, синхронды секірумен шұғылданатын жасөспірім спортшылар "әлемдік доданы көріп, жеңіс тұғырынан көрінуге құлшынысымыз артты" дейді. Бүгінгі таңда Астана қаласының батуттық гимнастика орталығында 147 бала дайындалып жатыр. Олардың арасында Қазақстан че Арманын арқалап осы орталыққа келгендердің бірі Арғын Бөлехан. Сегіз жасынан бастап, батуттық гимнастикамен шұғылданады. Қатысқанына аз уақыт болса да жеңістің дәмін татып көрген. Ол Қазақстан чемпионатында топ жарған.
Арғын Бөлехан, синхронды секіруден Қазақстан чемпионы:
- Мен осы спортқа 8 жасымда келдім. Өз қызығушылығыммен келгенмін. Көптеген жарыстарға қатысқан жоқпын, бірақ, Қазақстан чемпионатында 3 қола және 1 алтын алдым. Маған осы жер ұнайды. Кішкентай кезімде көптеген элементтерді үйренгім келді.
Ал Аружан сары құрлықтың саңлақтарын ауызына қаратқан. Азия чемпионатында мықтылармен бәсекеге түсіп, талайдың мысын басқан. Нәтижесінде Жапония мен Қытайдан кейінгі төртінші орынға табан тіреді.
Аружан Уәлихан, Азия чемпионатының 4 орын иегері:
- Мен Азия чемпионатында болдым. Төртінші орын алдым. Менің ойымша бұл өте жақсы нәтиже. Секіргенде мен еркіндікті сезінемін. Самғай аламын. Сол сезіммен секірген маған өте ұнайды.
Астана қаласының батуттық гимнастика орталығы 147 жеткіншекті дайындап жатыр. Мұнда 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Барлығының арманы - Олимпиаданың жалауын желбірету.
Елдар Жеңісханов, аға жаттықтырушы:
- Әр балаға сенеміз. Көрсеткішімізде жаман емес. Алға қойған мақсатымызда бар. Жетеміз мақсатымызға... Осы таңға дейін біздің спортшыларымыз жастар арасында Қазақстан чемпиондары бар. Және Азия чемпионатында жақсы көрсеткіш көрсеткен төртінші орын, 5-6 орындар бар бізде...
Бапкерлер шәкірттерін олимпиада шыңына жеткізуге барымызды саламыз деп отыр. Олар балалардың спортқа деген сүйіспеншілігі ғана жеңіске жетелейді дейді.
Асантемір Қаршығаұлы, Абдулхамит Бөлекбаев