Мемлекеттен қаржыландырылатын спорт түрлері қысқарады
Мемлекеттен қаржыландырылатын спорт түрлерінің саны 180-нен 60-қа дейін қысқарады. Ал шетелден келген спортшыларға бюджеттен ақша берілмейді. Бүгін көпшілік кеңінен талқылап, тағатсыздана күтіп жүрген заң жобасы Мәжіліске жетті. Оның барысында отандық спорттағы ең көкейкесті мәселелер көтеріліп, оны шешу жолдары ұсынылды. Әсіресе заңмен бекітілуі тиіс түйткілдерге ерекше екпін жасалды.
Мемлекеттен қаржыландырылатын спорт түрлерінің саны үш есе қысқарады. Яғни, 180-нен 60-қа дейін азаяды. Осыған қатысты заң жобасы бүгін Мәжілісте мақұлданды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, қаржыны барынша тиімді пайдаланып, нақты басымдық беретін бағыттар айқындалды. Жоғарыдағы тізімге ең алдымен Олимпиадалық және Паралимпиадалық спорт түрлері кіреді. Бұған қоса Азия ойындары бағдарламасына енген спорттық бағыттар да қамтылады. Ұлттық спорттар да назардан тыс қалмайды. Ал қалған бағыттар бойынша терең сараптама жасалады.
Спорт түрлері қысқарады деген сөз олар толықтай жабылады не жұмысын тоқтатады дегенді білдірмейді. Демеушілердің көмегімен не өз күштерімен дамытамыз десе, ешқандай кедергі жоқ. Ең бастысы, аталмыш спорттық бағыттар ел қазынасына салмақ салмауы қажет. Өйткені бүгінге дейін елімізде 184 спорт түрі тіркеліп үлгерген және оның 70%-і – Олимпиадалық емес бағыттар. Ақшаның басым бөлігі соларға жұмсалады. Сәйкесінше біраз жүлде әкеледі. Біраз атақ таратылады. Бірақ Олимпиада сияқты айтулы аламан кезінде бұның барлығы бекер екенін байқаймыз.
Енді нақты цифрларға келейік. Әлемдегі ірі спорт державасы саналатын Ұлыбритания, Гремания, Австралия сияқты елдерде мемлекеттен қаржыландырылатын спорт түрлерінің саны 20-ға да жетпейді. Ал Беларусь елінде оның саны – 25. Көрші Өзбекстанда 17 деген сияқты. Осылай кете береді. Тағы да естеріңізге сала кетейік, бізде 180-нен аса спорт түрі тіркелген.
Ал енді халық санына қарасақ, керісінше, жоғарыда аталған мемлекеттердің азаматтары бізден бірнеше есе көп. Мәселен, Ұлыбриатнияда 69, Германияда 83, ал Өзбекстанда 36 миллион адам бар. «Сондықтан спорт түрлеріне бөлінетін қыруар қаржыны үнемдеп, оны барынша тиімді қолдану қажет», – дейді мамандар. Әсіресе спорттық инфрақұрылымды реттеу, керек-жарақпен қамтамыз ету, ауыл спортын көтеруге жұмсалса деген ұсыныстар айтылды.
Шетелдік спортшылар мәселесі заңмен бекітілді
Легионерлер мәселесі де заңмен бекітілді. Елімізде шетелден дайын спортшыларды әкеліп, оларға Қазақстан азаматтығын беріп, әлемдік ареналарда жеңіл әрі жылдам жетістікке жету әдетке айналған. Өкініштісі сол, шеттен келген келімсектер көбіне үмітті ақтамайды. Бұған қоса мемлекет тарапынан жасалатын жағдай мен матриалдық көмекті алғаннан кейін өздерінің тарихи отанына оралады. Бұл жағдай да қоғамда кеңінен талқыланды. Тіпті Мемлекет басшысы Қасыми-Жомарт Тоқаев оны реттеуге қатысты арнайы тапсырма да берді. Нәтижесінде заңға арнайы норма енгізіліп, енді шетелдік спортшылар бюджеттен мүлде қаржыландарылмайтын болды. Аталмыш өзгерістерді ең алдымен «Барыс» хоккей клубы сезінді. Ұзақ жылдар бойы тапжылмай отырған бас директоры жуырда отставкаға кетті. Оның орнына Нұрлан Оразбаев тағайындалды. Ал бас бапкер қызметіне Ғалым Мәмбетәлиев келді. Ол командадағы бірнеше легионермен қош айтысып, жергілікті ойыншыларды көбірек шығарып жүр. Соның арқасында турнир тізіміндегі жағдайын сәл жақсартты. «Барыс» қазір Шығыс конференциясында 11-ші сатыда тұр.
Бұған қоса заң жобасын талқылау барысында мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту және оларға қолайлы жағдай жасау мәселелері сөз болды. Ерекше жандарға көрсетілетін ерекше көмек ретінде «спортшыны алып жүретін адам» түсінігі заңға енгізіліп, оның шығындарын өтеу жолы да жазылды. Бұқаралық спортқа жасалатын қолдау заң жобасында көрініс тапты. Бұған қоса ұлттық спорттардың қарыштап дамуына әсер ететін бастамалар және оларды қаржатпен қамтамасыз ету қадамдары нақты көрсетілді. Жұмыс тобының бүгінге дейін 11 отырысы өтті және онда 130-дан астам түзету қаралды. Мәжіліс қабырғасында ол бүгін кеңінен талқыланып, бірінші оқылымда бірауыздан мақұлданды.