«Динамо» аула клубында үздік спортшыларға құрмет көрсетілді

Бүгін «Динамо» аула клубында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын елордалық тәрбиеленушілерге жаңажылдық кеш ұйымдастырылды. Жылды қорытындылап, ерекшеленген спортшыларға құрмет көрсетілді. Бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мерекелік бағдарламаға жас спортшылардың ата-аналары мен бапкерлері қатысты. Қазақстан чемпиондары мен түрлі республикалық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Спорт пен дене шынықтыруды дамытуға қосқан үлестері үшін алғысхаттар табысталды. Мейрам қарсаңында сыйлықтар үлестірілді. Көрермен назарына кадет сыныбының қойылымдары ұсынылды. Қызметкерлер мен жас қатысушылар жаңажылдық концерт қойды. Халықтың осал тобына жататын отбасылардың балалары да назардан тыс қалмады.

Әдемі Жалғасбаева, «Динамо» дене шынықтыру және спорттық қоғамының тәрбиеленушісі:

- Мен тхэквондо спортына қатысқаныма 10 жыл болды. Қара белбеу екінші дан иегерімін. Жетістіктерге жеткізген бапкеріме рақмет айтамын. Спорт «Динамоға» сыйлықтары үшін рақмет.

Биылғы спорт жылында жағымды жаңалық көп. «Динамо» аула клубының 5 тәрбиеленушісі тхэквондодан ұлттық құрама сапына алынды. Сондай-ақ бокс және қоян-қолтық ұрыс бойынша спорт шеберлері мен үміткерлер бар. Жалпы қоғам қабырғасындағы 12 үйірмеге 500-ге жуық бала барады. Оның ішінде 120-дайы тегін қатысады. 

Олжас Хамитов, қалалық әкімдіктің «Астана жастары» ЖРО» КММ аула клубтарын дамыту бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі күні Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қолдауымен және де қалалық Полиция департаментінің қолдауымен «Динамо» аула клубында жастар мен бүлдіршіндерге, Астана қаласы аула клубтарының тәрбиеленушілеріне арналған жылдық қорытынды және жаңа жыл құрметіне мереке өтті. Көзге түскен үздіктерді жеке марапаттадық.  

«Динамо» аула клубы бұл спорт қана емес, тағы әлеуметтік дағдыны дамытатын үлкен орта саналады. Мәселен, робототехника, тауға өрмелеу және нысана көздеу сияқты үйірмелер де бар. Кәмелетке толмағандар ісі бойынша инспекциясының есебінде тұрған жасөспірімдер де осында дене шынықтырады. Салауатты өмір салтын ұстанады. Бүгінде клуб бірқатар федерациямен ынтымақтастық орнатты. Бұл арқылы болашағынан көп үміт күттіретін жастардың шеберлігі шыңдалады.  

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мерей Талап, Дмитрий Димитриев.