Аймақта үздік спортшылар марапатталды

Ақмола облысының спортшылары биыл түрлі әлемдік және республикалық байрақты бәсекелерде 1616 медальға қол жеткізген.

Оның 561-і алтын. Бұл аймақ үшін үлкен жетістік, зор  мақтаныш. «Ақмола облысының спорт тарландары» атты спорттық форумда чемпиондар мен жүлдегерлердің осы еңбегі еленіп, түрлі марапаттар табысталды.

Биыл ақмолалық спортшылар үшін жемісті жыл болды. Төрткүл дүние көз тіккен Париж паралимпиада ойындарында жерлесіміз Давид Дегрярев пара пауэрлифтингтен 54 келі салмақта алтын алып, ел тарихында екі дүркін паралимпиада чемпионы атанды. Осылайша ол тек Ақмола облысының ғана емес, елдің үздік спортшысы атанды.

Давид Дегтярев, Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы:

- Бұл жыл мен үшін ерекше болды. Екі дүркін паралимпиада ойындарының чемпионы атандым. Париж төрінде де еліміздің ән ұранын ойнатып, көк туды көкке көтергеніме қуаныштымын.

Былғары қолғап шеберлері де осы жылды жақсы түйіндеді. Күні кеше Қарағанды қаласында өткен бокстан ел чемипионатында ақмолалықтар 3 алтын алды. Оның бірі білікті боксшы Карина Ибрагимованың қоржынында.

 Карина Ибрагимов, бокстан азия чемпионы:

- Барлықтарыңызға рахмет айтамын. Мың алғыс айтамын. Жанкүйерлерге рахмет айтамын. Жеңіс болса, жеңіліс болса қасымда. Сенеді, қолдайды.

Өңір басшысы әр спортшының жетістігін жеке айтып, бәріне алғысын жеткізді. Сондай-ақ аймақтағы спорт нысандарының қарқынды құрылысын атап өтті.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Биыл Есіл және Қосшы қалаларында екі дене шынықтыру сауықтыру кешені салынды. Бурабай ауданы Мәдениет ауылында спорт кешені салынды. Аймақта 7 спорт кешені мен Щучинск қаласындағы спорт сарайының құрылысы жүргізілуде.

Шара барысында дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен қысқы спорт түрінің саңылақтары да марапатталды. Сондай-ақ  Ақмола облысының тумасы, Қазақстандық файтер Шафкат Рахмоновқа да ерекше құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды.