Боксшыларымыз Азия үздігі атанды
Бибісара Асаубаева алдыңғы ондықта. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында шахматтан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Рапид бойынша бәсекеде қазақстандық Бибісара Асаубаева 7,5 ұпай жинады. Яғни 11 ойынның 4-еуінде жеңді, 7-еуінде тең түсті. Соның арқасында жалпы есепте 8-ші сатыға жайғасты. Енді жерлесіміз блитц бойынша бәсекеде бақ сынайды.
Сағындық пен Төрехан Азия үздігі атанды. Азия бокс конфедерациясы 2024 жылды қорытындылап, ең үздік былғары қолғап шеберлерін жариялады. Тізімге 3 бірдей қазақстандық спортшы ілікті. Атап айтқанда ересектер арасында «Жылдың ең үздік боксшысы» атағы ұлттық құрама өкілі Сағындық Тоғамбайға бұйырды. Ол жуырда ғана Тайландта өткен Азия чемпионатына қатысып, алтын жеңіп алған болатын. Айта кету керек Сағындық барлық жекпе-жегін уақтынан бұрын аяқтады. Ал «Жылдың ең үздік жас боксшысы» атағы тағы бір қазақстандық Төрехан Сабырханға берілді. Төрехан биыл осы жас деңгейінде әлем чемпионы атанды. Бұған қоса 4 мәрте құрлықтық доданы жеңіп алған болатын. Сонымен қатар 22 жасқа дейінгілер санатында ұлттық құрама өкілі Темірлан Мұқатаев та Азия бокс конфедерациясы тарапынан жоғары марапатқа ие болып, жыл үздігі атанды. Темірлан 86 келіге дейінгілер арасында өнер көрсетеді және ұлттық құрамаға лайықты ізбасар саналады. Тағы бір айта кетерлігі Қазақстан бокс федерациясы Азия құрлығы бойынша «Жылдың ең үздік федерациясы» деп танылды.
Данияр Елеусінов рингке оралады
Боксқа қатысты тағы бір ақпарат. Данияр Елеусінов шаршы алаңға қайта оралады. Кәсіпқой рингте жүрген жерлесіміз ең соңғы рет былтыр желтоқсан айында Астанадағы «Чемпиондар түні» турнирінде сынға түсіп, оңтүстік африкалық спортшыны жеңген болатын. Алайда бұл нәтиже оның жеке есебіне жазылған жоқ. Ал ресми кездесуі тағы да былтыр қыркүйек айында өтті. Ол кезде филиппиндік Джо Нойнайды нокаутпен жеңді. Қалай болғанда да енді міне, араға 1 жылдан аса уақыт салып, жерлесіміз қайтадан кәсіпқой рингке шығады. Жекпе-жек кеші 28 ақпанда Астанада All stars boxing проуметрлік компаниясының ұйымдастыруымен өтеді және Данияр басты жекпе-жекте өнер көрсетеді. Дегенмен қарсыласы әлі анықталмаған. Промоутерлер қазіргі таңда оған лайықты боксшы іздестіріп жатыр. Айта кетейік Данияр жалпы алғанда бүгінге дейін кәсіпқой рингте 12 кездесу өткізіп, 12-сінде де жеңіске жетті. Оның 7-ін уақытынан бұрын аяқтады. Осының арқасында BoxRec рейтингінде алдыңғы 15 боксшының қатарына қосылды.
Қазақстан құрамасы антирекорд тіркеді
Қазақстан құрамасы ірі есеппен жеңіліп, антирекорд орнатты. Дәл қазір Канаданың Оттава қаласында шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Сергей Старыгин баптайтын қазақстандық жігіттер алғашқы күні Швеция командасымен кездесіп 1:8 есебімен жеңілді. Артынша Чехия құрамасымен жолығып 2:14 есебімен ұтылды. Айта кету керек Чехия хоккейшілері алты секундта екі шайба соғып, әлем чемпионатындағы рекордты қайталады. Ал Қазақстан құрамасы болса, өз қақпасына ең көп шайба жіберген командалардың бірі атанып отыр. Әлем чемпионаты әлі де жалғасып жатыр. Қазақстан құрамасы енді бүгін Словакия жігіттерімен жолығады. Ал ертең Швейцарияға қарыы матч күтіп тұр. Оттава қаласындағы әлемдік аламанның жалпы қорытындысы 5 қаңтарда белгілі болады.
Ардагерлер мен жастардың жолдастық кездесуі
Ардагерлер мен жастар өзара мықтыны анықтады. Астананың спорт басқармасы жыл соңында ерекше форматтағы матч өткізді. Оның аясында отандық футболдың дамуына үлес қосып, әр жылдары ұлттық құрамада ойнаған аға буын аяқдопшыларды жасыл алаңға шақырып, жолдастық кездесу ұйымадстырды. Қонақтар қатарында Давид Лоpия, Константин Котов, Антон Чичулин сияқты майталмандар бар. Ал оларға қарсы Василий Левит бастаған осы спорт басқармасында қызмет ететін жас мамандар ойнады. Тартысты өткен кездесу 3:3 есебмен аяқталды. Жолдастық кзедесуден кейін ардагерлерге арнайы сыйлықтар табысталып, ерекше құрмет көрсетілді. «Алдағы уақытта осындай форматтағы кездесулерді тұрақты өткізіп, тәжірибе алмасуға көбірек көңіл бөлеміз», - дейді мамандар.