Жамбыл облысы еліміздің үздік спорттық өңірі атанды

2024 жылы Жамбыл облысының споршылары республикалық және халықаралық жарыстарда 1797 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды 24KZ. Сөйтіп, жыл қорытындысы бойынша республика «Үздік спорттық өңір» атанды. Соңғы жылдары аймақта спорт нысаны да көбейді. 

Парижде өткен 33-ші жазғы Олимпиада ойындарында Жамбыл облысының 5 спортшысы бақ сынады. Төртжылдықтың басты додасында Елдос Сметов топ жарып, дзюдодан алтын медаль алды. «Жылдың үздік спортшысы» атанды. Ал бапкері Ғалымжан Жылгелиев «Үздік бапкер» атағын иеленді.

Ғалымжан Жылгелдиев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Бұл марапаттардың артында қаншама тер болды, қаншама еңбек болды. Ең бастысы, спортшыны тәрбиелеу керек. Спортшыны тәрбиелегеннен кейін осындай марапаттар жасалып жатса, әрине, қуанасыз әрдайым. Осындай мотивация бәріне, бұл үлкен мотивация ғой бапкерлерге де, спортшыларға да.

Спорт саласы үздіктерінің  арасында Париж Паралимпиадасында паражүзуден күміс алған Нұрдәулет Жұмағали бар. Ол 11 жасынан бастап жүзумен айналысады. «Спортшыға бар жағдай жасалса ғана мол нәтижеге қол жеткізуге болады», – дейді жүлдегер.

Нұрдәулет Жұмағали, Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері:

- Үкімет тарапынан беріліп жатқан қолдаудың арқасында біз оқу жаттығу жиындарына шығамыз. Көптеген әлемдік сериаларға, жарыстарға шығамыз. Витаминдер аламыз түрлі-түрлі. Сол беріліп жатқан витаминдер уақытылы беріліп, жиын жаттығуларымыз уақытылы өтіп жатқаны бізге өте үлкен пайдасын тигізеді. Себебі ол спортшы үшін өте маңызды.

Жалпы жамбылдық жампоздар бір жылда әлемдік, халықаралық және республикалық додалардан 1797 медал иеленді. Азия-Тынық мұхит ойындарында облыс саңлақтары 2 алтын, 13 күміс, 5 қола медальға қол жеткізді. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан 18 жүлде болса, палуандар әлем біріншіліктерінің жеңімпаз-жүлдегерлері атанды. Ал боксшылары Азия чемпионатының 3 жүлдесін қоржынға салды. Жалпы 2024 жылы өңірдің спорт саласын дамытуға 15,8 млрд теңге бөлінді.

Ернар Ибраимов, облыстық спорт басқармасының басшысы:

- Облыс бойынша 2353 спорт нысаны жұмыс атқарып жатыр. Жалпы 54 спорт мекемесі бар басқармаға бағынысты. Биылдыққа 15 спорт нысанының құрылысы басталып, оның жетеуі қолданысқа беріліп, 2025 жылдың аяғына дейін 8 спорт нысаны аяқталып, қолданысқа беріледі.

Аймақта спорттың 85 түрі қамтылған. Бүгінде 29 мыңнан аса адам кәсіби түрде спортпен шұғылданады. Сонымен қатар 503 мың тұрғын жүйелі түрде бұқаралық спортпен айналысады.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.