2024 жыл қазақстандық шахмат үшін табысты жыл болды
Халықаралық шахмат федерациясы мен Азия шахмат федерациясының қолдауымен ұйымдастырылған ресми турнирлерде Қазақстандық спортшылар – ұзын саны 160 медаль жеңіп алды.
Бұл бұрын-соңды болмаған рекорд. Ел қоржынында 55 алтын, 54 күміс және 51 қола медаль бар. Қуантарлығы сол, араларында тамаша нәтиже көрсеткен балақайлар да бар.
Шахматтан Азия чемпионы Мұхаммедғали Әбдіқайым туралы желтоқсанда шыққан сюжеттің үзіндісі бұл. Таиландтағы жарыстан келген бетте бала Мұқашты мектебіне арнайы барып түсірген едік. Оқуында озат балақайдың шахмат әлеміне аяқ басуы жайлы анасы былай деп әңгімелеп берген.
Шолпан Досжанова, Мұхаммедғалидің анасы:
- Біз екеуміз сыртта келе жатқан кезде «шахмат» деген жазуды көріп қалдық. Сосын мен ұлымнан сұрадым, «шахматқа барасың ба?» деп. Ол қарсылық білдірмей: «Иә, барамын», - деді. Бірақ ол ойынды білмейді ғой. Сол күні бірден апардым. Ұстаздары: «Көрейік, бақылайық», - деді. Бір аптадан кейін ықыласы, қабілеті бар екенін байқады.
Иә, қазақстандық шахматшы балалар дүниежүзі бойынша мықтылардың қатарында. Италияда өткен балалар сайысында командамыз бірінші орын алған.
Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңімпаз атанған құрамамыз Бразилиядағы Әлем чемпионатында жалпы есептік 3-ші орынды иеленді. 2024 жыл шахмат әлеміндегі жаңа жұлдыздардың есімі жанған жыл болды.
Дәрмен Садуақасов, ҚР Шахмат федерациясының бірінші вице-президенті:
- Қазбек Нөгербек - астаналық шахмат мектебінің тәрбиеленушісі, 20 жасқа дейінгі юниорлар арасында Әлем чемпионы атанды. Көптеген жыл бұрын бұл чемпионатта мен жеңіске жеткен едім. Қазбектің жетістігі алда талай жеңістерге жетелейді деген сенімдемін. Қазіргі аяқалысымызды бақсақ, бұған таяу уақытта қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Олжас Меңғали, шахматтан жаттықтырушы:
- Осы күзде Қазақстан тарихында бұрың соңды болмаған жағдай ол Олимпиадада әйелдер құрамасы екінші орынға ие болды. Бұрың соңды мұндай жағдай болған жоқ, сол себепті қай жерде бізде жетістік бар, сол жерге біз қаражат жұмсауымыз керек.
Шахматтан жаттықтырушы Олжас Меңғалидің айтып отырғаны,,, Будапешттегі дүниежүзілік шахмат Олимпиадасы. Жалпы, Қазақстандық шахматшы қыздардың жетістігі көпке мәлім. Жансая Әбдімәлік, Динара Садуақасова, Бибісара Асаубаевадай арулардың есімі брендке айналғалы қашан. Олардың ізін жалғайтын дарындыларды қолдау мақсатында қазақстандық шахмат федерациясы арнайы бағдарламаны іске қосқан еді.
Дәрмен Садуақасов, ҚР Шахмат федерациясының бірінші вице-президенті:
- Қазақстанның шахмат федерациясында дарындыларды қолдау бағдарламасы бар. Қазір 45 жас шахматшыға қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастырмақ ниетіміз бар. Яғни бәсекелестік ортаны қалыптастырмақпыз. Осылайша нағыз чемпиондарды дайындаймыз.
Бұдан бөлек, мектеп бағдарламасына шахмат үйірмесін енгізу бойынша арнайы жоба қолға алынды. Ел бойынша бірінші сыныпта оқитын 20 мың балақай қамтылған. Оның 56 пайызы ауылдық мектепте оқитындар. 2025 жылы аталған бағдарламаның аясын кеңейту көзделіп отыр.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Алыстағыны аңдап, стратегия тұрғысынан сараптап, ұтымды таңдау жасау –патшалар ойынының басты ерекшелігі осы. Шахматты дамытудың 2023 жылы қабылданған кешенді жоспары - адами капиталды жақсартуға бағытталған тиімді шешім болғаны анық. Өйткені қысқа аралықтағы нәтиже тамаша. Ұзақ мерзімдегісі бұдан артық болмаса, кем түспеуге тиіс. Өйткені сөз басында айтып, көрсеткен Мұқаштай зерек балақайлардан әлден үмітіміз зор.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Ербол Дайыров