Семсерлесуден дүниежүзілік додада қазақстандық жасөспірімдер топ жарды
Қазақ жастары әлемдік аламанда топ жарды, деп хабарлайды 24kz.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласында семсерлесуден жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік дода жалғасып жатыр. Жарыстың алғашқы күндері қазақстандық София Ақтаева рапира бағыты бойынша ең үздік нәтиже тіркеп, алтын жүлде жеңіп алған болатын. Дәл осы София бастаған қыздар енді командалық сында үздік үштікке ілікті.
Қазақстан атынан София Ақтаевдан бөлек Алена Гноева, Алина Ескендірова және Алуа Нұрқанова жарысқа араласқан болатын. Олар қола жүлде үшін Чехия құрамасымен кездесіп, 45:31 есебмен жеңіске жетті. Бұған қоса, жасөспірім ұлдар арасындағы бәсеке паралель Швейцарияның Базель қаласында өтіп жатыр. Бұнда да ұлттық құрама жеңіс тұғырына көтерілді. Шпагамен семсерлесудің командалық сынында Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды. Жерлестеріміз финалға дейін жетіп, ақтық сында Мысыр спортшыларына ғана есе жіберді. Ел намысын Богдан Лукин, Кирилл Проходов, Нұржан Әбжанов және Георгий Тинников төрттігі қорғады.