16 жастағы қазақстандық футболшы «Челсиде» ойнайды

«Челси» Дастан Сәтпаевты 4 млн еуроға сатып алады. Қазақстандық жас жігіт отандық футбол тарихындағы рекордтық келісімшартқа қол қояды.

Бұл жөнінде Фабрицио Романо мәлімдеді.

«Лондондық клуб пен жерлесіміз арасындағы келісімшарт 2026 жылы Дастан 18 жасқа толғанда күшіне енеді және ол 5 жылға есептелінген», - дейді инсайдер.

Аслан Қаженов, тілші:

- Қоржынымызға тағы бір қола түсті. Италияның Турин қаласында студенттер арасындағы Қысқы универсиада аяқталды. Жарыстың соңғы күні қазақстандық шорт-трек шеберлері жеңіс тұғырына көтерілді. Ұлттық құрама жігіттері 5000 метрлік эстафетада үздік үштікті түйіндеді. Ел намысын Дінмұхамед Тәжібай, Санжар Жанысов, Айбек Темірхан, Валерий Клименко және Әлішер Абулкатимов қорғаған болатын. Жарыс қорытындысы бойынша алтын қытайлық, күміс жапониялық командаға бұйырды. Айта кетейік, қазақстандық шорт-трек шеберлері осымен екінші мәрте қолаға қол соғып тұр. Бұның алдында аралас эстафетада жақсы өнер көрсетіп, осындай нәтиже тіркеді.

 

Қысқы универсиадада жалпы есепте он екінші орындамыз

Сонымен Қысқы универсиадада ұлттық құрама спортшылары бас-аяғы 14 медаль жеңіп алды. Оның 3-еуі алтын. Атап айтқанда, фристайл шебері Анастасия Городко 2 мәрте, яғни, фристайлдың 2 бағытында ең үздік нәтиже тіркеп, дүниежүзілік доданың 2 дүркін чемпионы атанды. Ал, биатлоннан ерлер арасында 10 шақырымдық бәсекеде қазақстандық Никита Акимов топ жарды. Бұған қоса, 4 күміс және 6 қола жүлдеміз бар. Соның арқасында жалпы командалық есепте 12-сатыға жайғастық. Топ басында 18 алтын жеңіп алған Франция құрамасы тұр. Екінші орынға Оңтүстік Корея құрамасы көтерілді. Ал, Финляндия үздік үштікті түйіндеді.

 

Жастар арасында іріктеу турнирі өтеді

Бақыт Сәрсекбаев жастар арасында іріктеу турнирін өткізеді. Біз бұған дейін олимпиада чемпионының елге оралғанын және экперементалды құраманы жаттықтыратыны айтқан едік. Міне, осы командаға іріктеу алдағы айда Талдықорған қаласында ұйымдастырылады. Бұл ересектер арасында ұлттық құрамаға іліге алмағандар үшін қосымша мүмкіндік болмақ. Сонымен, жастар арасындағы жарыс 12 және 19- ақпан күндері өтеді. Оған 2003 және 2006 жылдар аралығында дүниеге келген өрендер ғана қатыса алады. Бас-аяғы 13 салмақтағы үздіктер анықталады. Жеңіс тұғырына көтерілген спортшылар Бақыт Сәрсекбаев жетекшілігімен жаттығуға мүмкіндік алады. Олар бір жыл көлемінде елдегі және шетелдегі жарыстарда бақ сынайды. Өздерінің бюджеті мен өзіндік кестесі болады. Түпкі мақсат, жоғарыда айтқанда, осы балалар арасынан ұлттық құрамаға лайықты ізбасарлар дайындап, ересектер арасына мықты балаларды қосу. 

 

Келесі кездесуін астанада өткізуі мүмкін

Жәнібек келесі кездесуін Астанада өткізуі мүмкін. Қазақстандық кәсіпқой боксшыға қатысты осындай ақпарат шықты. Оны америкалық Sport+ басылымы таратты. Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы шаршы алаңға шығатын күн белгіленген еді. Яғни, 5-ші сәуірде жұдырықатсады. Ал, жекпе-жек кешінің өтетін орны мен келесі қарсыласы жайында әзірге нақты мәлімет жоқ. Қалай болғадна да, қазақстандық боксшы алдағы айқаста WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақтарына қорғауы қажет. Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте 16 кездесу өткізіп, 16-сында да жеңіске жетті. Оның 11-ін уақытынан бұрын аяқтады. Соңғы рет былтыр қазан айында Австралияда жұдырықтасып, жаңазеландиялық Андрей Михайловичті нокаутпен ұтты.

 

М.Нұрсұлтановтың міндетті қарсыласы анықталды

Ал, Мейірім Нұрсұлтанов алдағы жазда Адамеспен не Ширазбен жұдырықтасады. Бүкіләлемдік бокс кеңесі, яғни, WBC қазақстандық кәсіпқой боксшыға міндетті қарсыласты анықтады. 22 ақпан күні доминикандық Карлос Адамес пен британиялық Хамза Шираз кездеседі. Жеңіске жеткені Мейіріммен жолығуға міндетті. Бұл жекпе-жек шілде айында өтеді деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, Мейірімнің шаршы алаңға шықпағанына бір жылдан асты. Ол соңғы рет 2023 жылдың қараша айында чилилік Хулио Аламоспен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді. Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой рингте бүгінге дейін 20 кездесу өткізіп, 20-сында да жеңіске жетті. Оның 11-ін уақытынан бұрын аяқтады.

 

Есбол Сұлтанов алғашқы жаттығу жиынын бастады 

Есбол Сұлтанов жаттығу жиынын бастады. Таэквондо жанкүйерлеріне жақсы таныс қазақстандық маман жуырда ғана елге оралып, ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалған еді. Оның алдында Тунис командасын жаттықтырды және Париж Олимпиадасында оның шәкірттері чемпион атанып, тарихи нәтиже тіркеді. Міне, осы Есбол Сұлтанов қазір Алматы облысына қарасты Жанашар ауылындағы спорттық базада ұлттық құрама өкілдерін жинап, кешенді әзірлікке кірісті. Бас-аяғы 50-ге жуық спортшы енді алдағы бірер апта бойы осы жерде шеберлік шыңдайды. Одан кейін ақпан айының басында Қытай спортшыларымен бірлескен тағы бір жаттығу жиыны күтіп тұр. Ал, 2025 жылдың алғашқы жарысы тура бір айдан кейін Болгария астанасы София қаласында болады. Қазақстандық қыз-жігіттер G-1 санатындағы рейтінгілік турниріге қатысады.