Сырбойылық шебер 5 мың домбыра жасады

Қызылордалық Біржан Ділманов көз майын тауысып жасаған домбыра санын бес мыңға жеткізді.

Қос мүшелді толтырған сырбойылық ұлттық өнерді ұлықтауға елеулі үлес қосып келеді. Ағаш ұстасының қолынан шыққан бұйымдары жұртшылық тарапынан ерекше қызығушылық туғызады. Республикаға аты мәшһүр өнерпаздар мен іргелі оркестр ұжымдары Біржан шебердің шағын шеберханасынан шыққан музыкалық аспаптарды аттай қалап алады.

Біржан асқан ыждағаттылық пен жауапкершілік, сызу-қию бойынша тиянақтылықты қажет ететін өнермен 8 жасынан айналысады. Шиелі ауданы Досбол би ауылының тумасы ағаш өңдеуді алдымен әкесінен үйреніп, кейін Алматыда шеберлігін шыңдаған. Атадан балаға мирас болған шеберханаға иелік ететін ұста Шиелідегі кәсібін облыс орталығына көшіріп алды. Қазір қолөнершіге республиканың түкпір-түкпірінен тапсырыс түсіп жатыр. Мектептерге домбыра сабағы енгізілгелі сұраныс тіпті көбейген. Әр аспаптың ою-қиюын келтіруге жан-дүниесімен кірісетін Біржанның бес мыңыншы домбырасы иесіне жол тартты.    

Біржан Ділманов, шебер:
- Мынау концерттік қымбат домбыра. Бұл домбыраны жасауға 1 жарым айдай уақыт кетті. Сапалы, ағаштары америкалық жаңғақ мойыны, басы үндінің қызыл ағашы. Оюлары малдың сүйегімен сүйектелген. Мына жері африкалық қарағаш, беті шырша. Бағасы 250 мың теңге. Дауысы да өте керемет әнге, күйге, жырға келе береді.

Кәсібін он жыл бұрын бастаған шебер жақында жеңілдетілген несие алып, жаңа қондырғыларға қол жеткізді. Енді домбырадан бөлек қобыз, дауылпаз, жетіген секілді аспаптар шығаруды жолға қоя білді.   

Біржан Ділманов, шебер:
- Жетіген деген аспап. Бұл ежелден келе жатқан көне аспап. Бұрын 7 шекті аспап болған, қазіргі заманауи түрдегісі 23 шекті, 2 жарым октава. Бұл - күйдің барлық түріне келетін үлкендерге арналған жетіген. Одан бөлек бас домбыра, альт-шертер, прима-домбыра, шіңкілдек, тағы басқа оркестрде ойналатын аспап түрлерін жасаймын.  

Республикалық «Үкілі домбыра» байқауында топжарып, мерейі үстем болған сырбойылық шебер қолөнердің қоғам тарапынан жоғары бағаланатынын айтады. Дегенмен жастардың домбыра жасауға құлшынысы төмен. «Музыканы, өнерді сүйген адамды ғана шәкірт ретінде баулимын», - дейді шебер. Іріктеуден өтіп, төрт жылдан бері ұлттық қолөнерді дамытуға бет бұрғандардың бірі – Бақыт Пірмаханов. «Геометриялық кесімдер мен акустиканың жаңғырығын дөп есептемесең қос ішек пен қу шанақтан жөнді дыбыс шығуы екіталай», - дейді шебердің шәкірті.    

Бақыт Пірмаханов, шәкірті:
- Қазір домбыралардың бет тақтайын дайындап жатырмын. Сызып аламыз домбыра ішіне жазып. Бет тақтайын Біржан өзі жонады. Осыған дейін тек ою-өрнекпен ғана айналыстым, домбыраны бетіне әрлеу жағын істедім. Біржан қасына келгелі біраз саласын үйретті. Бүкіл өнеріңмен істейсің, былай жәй әшейін істей салсаң қателігі шығып тұрады домбырадан. Миллиметрлер ойнайды. Дыбысқа да әсер етеді, адамның ойнауына ауырлық танытады. Сондықтан бәрі есеппен ойланып, өз бабымен істейміз.

Әр қазақ отауының төрінде домбыра ілулі тұрғанын қалайтын Біржан, шебер ұлттық аспаптар көрмесін ашуды жоспарлайды. Осылайша заманауи көшпелі «шоу рум» арқылы алыс-жақын шетелге қолөнерді насихаттағысы келеді.   

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәділдаев