Ұлытауда тарихи орындарды зерттеуге басымдық беріледі
Ұлытаудағы Жошы хан кешенінде Алтын Орда тарихына арналған халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Екінші рет ұйымдастырылған шараға алыс-жақын шетелден 20-ға жуық тарихшы ғалым қатысты. Олар тарихи орындарда болып, Жошы хан ұрпақтары құрған империяның мұралары жайында баяндама жасады.
Ұлытау жерінде 1 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның жартысы Алтын Орда дәуіріне тән. Соның бірі – Алаша хан кесенесі. Сырын ішіне бүккен ортағасырлық мазарды зерттеуге шетелдік ғалымдар қызығушылық танытып отыр. Халықаралық конференцияны ұйымдастырудағы мақсат та – осы. Ұлытауға әлемнің назарын аудару үшін әуелі тарихи орындардың шежіресін ғылыми түрде дәлелдеу маңызды.
Давид Иштван, шығыстанушы:
- Ақсақ Темір салдырған Түркістандағы Ахмет Ясауидің кесенесінен кейін бұл Жошы хан, Алаша хан кесенелері бүкіл Қазақстан бойынша ең негізгі тарихи ескерткіштер деп санауға болады.
Конференцияда сан алуан тақырып қозғалды. Алтын Орданың құрылу тарихынан бастап, Жошы мен оның ұрпақтарының қайраткерлік тұлғасы жайлы деректер айтылды. Ұлытау даласын зерттеуге ниет білдірген шетелдік ғалымдар ұсынған осы деректер негізінде арнайы қарар қабылданады.
Бақытжан Көпбаев, Тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау орталығының басшысы:
- Орта ғасырға тән ескерткіштер Ұлытау өңірінде өте көптеп кездеседі. Әлі де толық зерттеліп біткен жоқ. Зерттеуді қажет ететін тарихи жерлер жеткілікті. Бүгінгі конференцияның қорытындысы бойынша сол бағыттағы жұмысты жалғастыруға шешім қабылданады деген сенімде отырмыз.
Осы конференция қорытындысы бойынша зерттеу жұмыстарының бесжылдық жоспары жасалады. Оны ғылым академиясы үйлестіреді. Ғалымдар бір ғана Жошы хан кесенесін әлемге таныту арқылы Ұлытауды туризм орталығына айналдыруға болатынын айтады. Былтыр ашылған кешенге биыл 10 мыңға жуық турист келді. Саяхатшыларға көрсетілетін сервистік қызметті жетілдіру бағытында мұнда жол салынып жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.