«Лада Голд» сериалы көрерменге жол тартады
ИВИ онлайн-кинотеатры Алматыда «Лада Голд» сериалының тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Kinopark 11 IMAX Esentai-ға жиналған көрерменге туындының алғашқы сериялары көрсетілді. Сериалды «Среда» продюсерлік компаниясы түсірген. Режиссері – Никита Власов. Сценарийін Никита мен Егор Чичканов бірігіп жазған. Ол қазақстандық көрерменге «Тағы да қайырлы күн!» сериалы арқылы жақсы таныс.
Сериал сюжеті бандиттердің алтынынан жасалған машина төңірегінде өрбиді. Алтын машина тауып алған басты кейіпкерлер Артур мен Павел талай шытырман оқиғаға тап болады. Олардың аталары бітіспес жау болса да, кейіпкерлер алтын машинамен Тольяттидің қылмыс серкелерінен Қазақстанға қашуға мәжбүр болады.
Валентин Рогатин, «ИВИ» онлайн-кинотеатрының контентті маркетинг бағытының жетекшісі:
- ИВИ бүгін Алматыға «Лада Голдтың» екі сериясын алып келді. Кешке жиналған қонақтар алғашқылардың бірі болып бұл туындыны көре алады. Бізбен бірге ерекше ролдердің бірінде ойнайтын актер Асқар Ілиясов та келді. Көрсетілімнен соң көрермендер актермен кездесіп, қызықтырған сұрақтарын қоя алады.
Комедиядағы басты рольдерді Роман Евдокимов пен Эльдар Калимулин ойнайды. Сондай-ақ Павел Прилучный, Марина Зудина, Даниил Воробьев, Азиз Бейшеналиев секілді танымал актерлер де жобаға қатысқан. Ал Асқар Ілиясов: «Бұл сериал мультижанрлығымен ерекше», - дейді.
Асқар Ілиясов, актёр:
- Менің кейіперімнің аты – Қасым ІІІ. Қасым ІІІ – ол осы бір байдың баласы. Тәрбие көрмеген. Махаббат көрмеген бір байдың баласы. Және оның тағдыры маған өте қызық болып, сынақ ретінде өте қызық болып көрінді. Қасым ІІІ – өте қызық кейіпкер.
Сериал 21 қыркүйек күні ИВИ платформасына салынады. Барлық бөлімі бірден жүктеледі. Шығармашылық топ комедия, экшн мен мелодрама ұнататын көрерменнің көңілінен шығатынына сенімді.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сұлтан Бейсекенов.