Атырауда ХІ Азаматтық форум өтті
«Әлеуметтік әріптестік құралдары – өңірдің табысты дамуының негізі» тақыбырында өткен жиында өзекті мәселелерді шешуге атсалысып жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдері бас қосып, түйткілді мәселелерді талқылады.
Үздіктер марапатталды. Қазір облыста үкіметтік емес ұйым өкілдерін қолдауға арналған бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. Жуырда ғана 6 қоғамдық бірлестік «Қолдау» бағдарламасы аясында 1 млн 800 мың теңге көлеміндегі гранттың иегері атанған.
Өңірде 752 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 620-дан астамы облыс орталығында құрылса, қалғаны аудандарда жұміс істеп жатыр. Солардың бірі – «Сенім тірегі» қоғамдық қоры. 2020 жылы құрылған ұйым ерекше білімді қажет ететін балаларға инклюзивті қолдау көрсетеді. Қазір аудандарда филиалын ашқан. Дамуы тежелген балаларға физикалық тұрғыдан көмек көрсететін спорт орталығы да бар.
Самал Жұмашева, «Сенім тірегі» қоғамдық қорының жетекшісі:
- Үкімет тарапынан берілетін гранттарға қатысып, жобамызды беріп, олардың сметасын құрып, әлеуметтік салаға қоғамда келтіретін пайдалары туралы айтып, біздер гранттарға қатысып жүрміз. Азаматтық орталықтың ұйымдастыруымен 2021 жылы «Қолдау» жобасы бойынша грант ұтқан болатынмын. Сол қолдау жобасынан да орталығыма қажет құрал-саймандарымды алған жайым бар.
Елімізде алғаш Азаматтық форум 2003 жылы өткен. Биыл 20 өңірде осындай жиын өтеді. Әр облыстағы түйткілді тақырыптар ортаға салынады. Кейін өзекті мәселелер қазан айында өтетін республикалық Азаматтық форумда талқыланбақ.
Бану Нұрғазиева, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті:
- Қай мәселе бүгін шешілмей жатса, мүмкін мемлекеттің де қолы жетпей жатса, басқа жағдай болсын, өздері бірігіп, қор құрып, не бір ұйым жасап, сол арқылы өздері жұмысты бастайды. Әрі қарай мемлекеттің қолдауын алып, мемлекет басқа да жағдай жасауға тырысады солардың бастамаларына. Сондықтан айтар едім: үкіметтік емес ұйымдар – қазақ еліндегі халыққа жақын тұрғын ұйымдар.
Форумға жиналғандар түрлі тақырыптағы панельдік сессияларға қатысып, өз ұсыныстарын білдірді. Әлеуметтік мәселелерді шешуге ат салысып жүрген үздіктер марапатталды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов.