Алматыдағы кинотеатрда «Якут киносының күндері» ашылды
Алматыдағы «Kinoplexx Saryаrka» кинотеатрында «Қазақстандағы Якут киносының күндері» ашылды.
20 қыркүйекке дейін «Сахафильм» кинокомпаниясы көрерменге түрлі жанрда түсірілген үздік 10 фильмді ұсынады.
Кино күндерінің ашылуына келген көрерменді якутиялықтар «Салама» дәстүрімен қарсы алды. Көңіл түкпіріндегі арманыңды ойлап, түрлі-түсті жіптерді арқанға байласаң, ол орындалады, - дейді Саха жерінен келген қонақтар. Ал кино күндері Степан Бурнашевтің «Айта» фильмінен ашылды. Шалғайдағы Якут ауылын бейнелейтін картина өткір сюжетке негізделген.
Алексей Егоров, «Сахафильм» МҰК басшысы:
- Кино күндерінің ашылуында өңірімізде кассалық рекорд орнатқан фильмді қоюды жөн көрдік. Фильм – биылғы жылдың өнімі. Соған қарамастан көрермен тарапынан жақсы пікірге ие болды. Осындай сәтті кино арқылы басталған кино күндеріміз нәтижелі болады деп сенемін.
Көрермен, кино күндері аясында криминалды комедия жанрындағы «Чувак» картинасын, «Тыгын Дархан» тарихи драмасын тамашалай алады. Қазақстандағы Якутия киносының күндері екі ел арасында рухани байланысты нығайтуға негізделген. Шара мемлекет басшыларының келісімі негізінде жүзеге асып отыр.
Юрий Куприянов, Саха Республикасының Мәдениет және рухани даму министрі:
- Келесі жылы, маусым айында «Қазақфильм» Қазақстанның үздік киноларын Саха жеріне әкеледі. «Қазақ киноларының күндерін» ұйымдастырамыз. Бұл туралы ортақ келісімге қол қойдық. Сонымен қатар биылғы жылдың соңында қазақстандық киноматографтарды елімізде өтетін қысқаметражды фильмдер фестивалінде күтеміз.
Якут киносының күндері 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Көрермен фильмдерден Саха жерінің шыңылтыр аязын, жаздың ақ түндерінің сұлулығын көріп, якут халқының тұрмыс-тіршілігімен таныса алады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев.