Ақтауда құтқарушыларға 31 жаңа көлік берілді

Ақтауда төтенше жағдай қызметкерлеріне жаңа көліктер берілді.

Арнайы мақсаттағы 31 темір тұлпардың кілтін Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен аймақ әкімінің орынбасары тапсырды. Құтқарушылар үшін қазақстандық зауытта құрастырылған көліктерді сатып алуға өңір бюджетінен 3 миллиард 400 миллион теңге жұмсалған. Осылайша аймақтың Төтенше жағдайлар департаментінің автопаркі 90%-ке жаңарды.

Таңғы мезгілде орталық көше жолының жиегіне жаңа автокөліктер мен құтқарушылар сап түзеді. Отандық үлгідегі 31 машинаның 16-сы өртпен күресуге, тағы 7-еуі арнайы мақсатқа арналып жабдықталған. Қалғаны қосалқы шаруашылықта қолданылады. Көліктердің кілтін Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов табыстады.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Маңғыстау облысына алғаш рет осындай көп техника беріліп отыр. Біздің салада көрсеткіштерімізді жоғарылатады деген сенімдемін. Маңғыстау облысында көптеген өндірістер бар. Халық та өсіп жатыр және көпқабатты ғимараттар да салынып жатыр. Үлкен кешендер салынып жатыр. Соның бәріне осындай техника болуы керек. Заманауи және өзіміздің Қазақстанда шығарылған. Сол себептен, Президентіміз айтқандай, біз өзіміздің бизнесімізді қолдауымыз керек.

Құны 3,5 млрд теңгеге жуықтайтын көліктер қаржы лизингі және жергілікті бюджет есебінен сатып алынды. Барлық талапқа сай келетін техникалар төтенше жағдай кезінде құтқарушылардың тілсіз жаудың бетін қайтарып, тұрғындар мен өз өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Айта кетсек, алдағы уақытта бірнеше елді мекенде өрт сөндіру бекеттері ашылады.

Жұмабай Қарағаев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:

- Кешенді жоспарға сәйкес Ақтау қаласы, Ақшұқыр және Батыр елді мекендерінде өрт сөндіру депосы қарастырылған болатын. Бұл шаралар бойынша өзінің тиісті жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл арнайы техникалар сатып алынғанда тиісті әрі уақытылы төтенше жағдайды жоюға мүмкіндік береді және адам өмірін сақтауға толықтай мүмкіншілік болады.

Маңғыстау облысында өткен 8 айда 154 өрт оқиғасы тіркеліп, 3 адам қаза тапты. Жалын салдарынан 6 млн теңгеден аса материалдық залал келген. Жалпы былтырғы кезеңмен салыстырғанда аймақта өрт дерегі 6%-ке азайғаны байқалады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.