4 қазанда Ұлттық қайырымдылықтың ІІ конференциясы өтеді
Астанада 8 млрд теңгеге жуық соманың қайырымдылық жобалары іске асып жатыр.
Бұл туралы «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры өткізген дөңгелек үстелде мәлім болды. Іс-шара жалпыұлттық қайырымдылық конференциясы аясында қолға алынған. Қоғамдық кеңестердің қатысуымен еліміздің 20 өңірінде осындай жиындар өтеді. Еліміздің бас шаһарында ұйымдастырылғаны – 15-ші ашық алаң. Онда қандай мәселелер қаузалды?
«Қазақстан халқына» қоры қордаланған проблемалардың кешенді шешімін табуды көздейді. Төтенше жағдайларда зардап шеккен азаматтарға да көмек көрсетіледі. Бүгінде қор 40-тан астам қайырымдылық бағдарлама мен жобаға 146,5 млрд теңге тартқан. Мысалы, Астанадағы сирек дертке шалдыққан 33 науқасқа 1 млрд 300 млн теңгенің дәрісі алынды. Жалпы 2 млрд-тан астам теңгеге дәрі-дәрмек алу жоспарланған. Астанада Қан тамырлы патологиясы бар 18 балаға ем-дом жасалып жатыр.
Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары:
- Балалардың нейрохирургиясы дамуы үшін өңірлерге керекті құрал-жабдықтарды алып беріп, және Астана қаласында біз гибридтік ота жасату орталығын жасап жатырмыз, бұл жерде енді жоғары технологиялық оталар жасалады. Қалған оталардың барлығы өңірлерге өздеріне енгізілетіндей болады.
Қордың атқарған жұмысы жайлы ақпаратқа қаныққан соң үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділерінен құралған кеңес мүшелері өз ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды.
Махаббат Еспенова, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:
- Коммерциялық емес ұйымдардың кешенді жобалары бар. Олар мәселелердің жүйелі шешімін ұсынады. Соның бірі – гемангиомасы бар балаларды емдеу ісін жалғастыру. Өкінішке қарай, бұл қан-тамыры ауруы елімізде емделмейді. Тек операция жасалады. Ал біз лазермен емдеуді ұсынып отырмыз. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға бейімдеу спортын дамытсақ дейміз.
Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, спорт саласында мәселе баршылық. Дегенмен қор әр өңірдегі қоғамдық кеңес ұсыныстарын жинақтап, 4 қазанда өтетін Ұлттық қайырымдылықтың ІІ конференциясында қорытындылайды.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Мейрам Жүнісов.