Атыраулық оркестр Астраханда өнер көрсетті
Атыраудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармониясының жанындағы «Нарын» ұлт аспаптар орекстрі Ресейдің Астрахан облысында өнер көрсетті.
Гострольдік сапар қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орайластырған болатын. 4 күнге созылған сапар барысында оркестр ұжымы Астраханның аудандарын аралап, қорытынды концертті облыс орталығындағы мемлекеттік филармонияның үлкен концерт залында берді.
Астрахандық өнер сүйер қауым «Нарын оркестрінің концерттік бағдарламасын өте жоғары бағалады.
Күләш Үмбетәлиева, көрермен:
- Біз үшін қазағымның өнерімен танысуың сәті жиі түсе бермейді. Бұл жолы керемет болды, жақсы дем алдық, ұйымдастырушыларға мың алғыс.
Ирина Власова, көрермен:
- Керемет концерт. Оркестр соншалықты ерекше, репертуары да әралуан. Әсіресе Абай», «Махамбет» симфониялары ғажап екен.
Ресейдің Астрахан облысында 140 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Олар қазақ өнерпаздарын қашан да сағына күтетіні даусыз.
Хамел Сүйекбаев, Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының директоры:
- Гостроліміздің екінші жартысы Астрахан мемлекеттік филармониясында, сонымен қатар алдағы күндері Красный Яр қаласында гострольдік сапарымызды жалғастырамыз. Әрине, мұндағы қазақтарымыз бар, мұнда да бауырларымыз бар. Қазақ өнерін, оның шығармаларын сүйсіне отырып тыңдап, әнге қосылып отыр.
Өткен сәуір айында астрахандық өнер ұжымы Атырау жерінде осындай сапармен келген болатын. Ежелден ауылы аралас қос өңір арасындағы рухани байланыс жыл санап нығайып келеді.
Ольга Прокофьева, РФ Астрахан облысының мәдениет министрі:
- Осындай өңіраралық мәдени әріптестікті дамытуымыз керек. Бізде «Каспий маусымы» фестивалі басталды. Ол – Каспий маңындағы 5 мемлекетке ортақ мәдени шара. Бұл жоба келер жылы да жалғасады.
Осылайша Астрахан облысындағы атыраулықтардың өнер апталығы мәресіне жетті.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов.