Мұғалжар жылқысына 25 жыл: Ақтөбеде республикалық семинар өтті
Ақтөбеде асыл тұқымды Мұғалжар жылқысының пайда болғанына 25 жыл толуына орай республикалық семинар өтті.
Елдің әр түкпірінен келген ғалымдар, ғылыми қызметкерлер мен атбегі мамандар бұл түлік түрін одан әрі жетілдіру және көбейту жолдарын талқылады. Қазақстан тәуелсіздігінің 8-ші жылында шығарылған жылқы тұқымы бүгінде әр өңірде кең тараған. Табиғаттың кез келген құбылысына төзімді жануарға шетелдіктердің де қызығушылығы бар.
Мұғалжар жылқысы 1998-де Ақтөбе облысында пайда болып, өңірдің басты брендіне лайық нышандардың бірі ретінде аталды. Бұл – 1960 жылдардан бері арнайы шаруашылықта жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесі. Атап айтқанда, қазақтың жабы жылқысын іріктеп, сұрыптау барысында жақсы тұқым алынды. Бастысы, жыздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында да тебінде жүреді.
Айбын Төреханов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:
- Қуаңшылық болсын, мейлі суық болсын, мейлі ыстық болсын, бұл жылқы – өзінің күйін бірқалыпты жібермей ұстап тұратын жылқылардың бірі. Сол жылқылардың ішінде ең бірегейі десем артық болмайды. Мұғалжар жылқысы бұл өнімділік бағытта. Бір ерекшелігі, енді жабы екеуі қатар жүреді. Бұл еттің шығымы өте жоғары.
Асыл тұқымның Ембі, Құланды, Қожамберді деп аталатын 3 түрі бүгінде Қазақстанның әр өңірінде кең тараған. Тек Ақтөбе облысында 270 мың бас жылқы болса, соның 15 мыңға жуығы мұғалжар типті түріне жатады. Семинар барысында оны шығару жолында ұзақ жыл табанды еңбек еткен авторы Серікбай Рзабаев пен өзге де ғалымдарға құрмет көрсетілді. Сондай-ақ бұл шаруашылықтың агротуризмді дамытуға да зор септігі болатыны айтылды. Ал мамандар болашақта мемлекеттік қолдау болса, біздің елде жылқы саны көбетінін атап өтті.
Мұрат Нұрышев, ҚР Жылқышылар одағының төрағасы:
- 2045 жылы 10 750 000 жылқыға жетеміз. Біз 6-шы орында болатынбыз, қазір 5-ші орынға шықтық. Ол үлкен мақсатқа біз қалай жетуді жоспарлап отырмыз? Әрбір облыс бойынша анау пішен дейміз ғой. Соны зерттейміз.
Шара барысында жылқы малына қатысты өзекті мәселелер де айтылып, шешу жолдары талқыланды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.