Көкшетауда ХІ азаматтық форум өтті

Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін өңірлік ресурстарды біріктіру қажет.

Көкшетауда өткен ХІ азаматтық форумның негізгі мақсаты осы. Ауқымды шараға жергілікті үкіметтік емес ұйым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Олар өзара пікір алмасып, өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Сондай-ақ форумға арнайы келген азаматтық альянс президентіне өз ұсыныстарын жеткізді. 

Бүгінде өңірде 600-ден астам үкіметтік емес ұйым бар. Олар негізінен азаматтық бастамаларды қолдау бағытында  қызмет етеді. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, жастарға бағыт-бағдар беруде белсенділік танытуда.

Бақыт Смағұл, "Ел бірлігі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Қазір азаматтық қоғам мәселесіне елімізде ерекше назар аударылып отыр. Өйткені, билік пен халықтың арасын жақындастыратын, елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізетін бірден-бір ұйым ол осы үкіметтік емес ұйымдар деп атар едім. Сондықтан қазір Ақмола облысындағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жанданып келеді деп айту керек. Қазір жаңа Қазақстан деп жатырмыз ғой, сондықтан мен ойламын осы үкіметтік емес ұйымдарға әлі де үлкен қолдау керек. 

Жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс шеңберінде азаматтық қоғам өкілдері 112 жобаны жүзеге асырған. Оған қазынадан 850 млн теңге бөлінді. Осы тұрғыда облыс әкімі Марат Ахметжанов азаматтық қоғам белсенділеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудын артатынын жеткізіп, жұмыла жұмыс істеуге шақырды. 

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Саяси әлеуметтік реформалар жүргізіліп жатыр. Бұл қазір қоғамдағы тарихи кезең деп ауыз толтырып айтуға болады. Өйткені, мүмкіндік терезелері ашық уақыт. Жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстанға ширақ қадам басуға болады. Қазіргі таңда осы қоғамдағы азаматтардың сұранысымен Президенттің қойған талабы мүмкіндігінше сәйкес келіп отырған уақыт. 

Форум барысында арнайы диалог алаңдары да құрылды. Онда азаматтық қоғам өкілдері өз ойын ортаға салып, бірқатар мәселені талқылады. Ал ауқымды шара соңында жемісті жұмыс істеп жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.