Қызылордада жаңа мектеп пайдалануға берілді
Қызылорда қаласында 600 оқушыға шақталған жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Облыстың 85 жылдық мерейтойы мен Ұстаздар күніне орай Бәйтерек ықшам ауданының тұрғындарына осындай тарту жасалды.
Бәйтерек ықшам ауданы 7 жыл бұрын құрылды. Бірақ оқушылар осы күнге дейін алыстағы мектепке қатынап жүретін. Енді бұл мәселе шешімін тапты. Жаңа мектеп бой көтерді. Оның ашылу салтанатында облыс әкімі ықшам ауданда тағы білім ұясы салынатынын атап өтті.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында өңірімізде құны 100 миллиард теңгеге жақын 12 мың 300 орындық 21 мектеп салынып жатыр. 10 мектептің құрылысы басталды. Оның 5-еуі облыс орталығында салынуда. Ал қалған 11 мектептің құрылысының төртеуі биыл, қалған жетеуі келесі жылдың басында басталатын болады. Сол мектептердің бірі осы Бәйтерек мөлтек ауданында бой көтереді.
Мектеп құрылысына 1 миллиард 200 миллион теңге жұмсалды. Оқу кабинеттері мен асхана, шеберхана және спорт залы уақыт талабына сай жабдықталған.
Гүлшара Қаражанова, қала тұрғыны:
- Бұрын мектеп жоқ әр жерде оқыды оқушылар. Анау Досан ауылына қатынап оқыды мысалы менің немерем. Қыстың күні қиын. Енді мынау жаңа мектеп ашылып, балаларымыз осыған келіп жатыр. Біз қуаныштымыз. Сәттілік тілеймін. Жақсы оқушылароқытып, үлкен азаматтар өсірсін.
Қазір облыс бюджеті 604 миллард теңгеден асты. Оның 260 миллард теңгесі білім саласын қаржыландыруға бағытталып отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.