Шымкентте энергетикалық қауіпсіздік бойынша форум өтіп жатыр

Энергетикалық қауіпсіздік өзекті мәселе.

Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында елдің ішкі энергетикалық әлеуетін дамытып, төл ресурстарға басымдық беру керектігін айтты. Бұл ретте Шымкент қаласында арнайы  форум өтіп жатыр. Жиынға қатысқан түрлі министрлік өкілдерімен сарапшылар осы саланы дамытып, энергия жүйесін жаңғырту төңірегінде сөз қозғады.

Форумға жиналғандар алдымен Alageum Electric зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Бүгінгі күні еліміздегі ең қуатты транформаторлар осы кәсіпорында құрастырылады. Сапасы шетелдік өнімдерден артық болмаса, кем емес.

Ғалым Болатов, Қазақстан Электр машина жасау қауымдастығының басқарушы директоры:

- Бүгінгі күні Қазақстанда электротехника саласы жақсы қарқын алып келеді. Еліміздегі кәсіпорындар өндірістегі технологияны үнемі жетілдіріп отырады. Осының арқасында шығарылып жатқан қондырғылардың сапасы артып жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда орналасқан осындай кәсіпорындардың әлеуеті барынша пайдаланылуы тиіс. Форумды ұйымдастыруға мұрындық болған «Қазақстан Электр машина жасау» қауымдастығы Техникалық регламентті қабылдауға бастамашы болды. Бұл бірінші кезекте отандық өнімнің қауіпсіздігін арттырып, нарықты жосықсыз бәсекелестерден қорғайды. Жоба қоғамдық талқылаудан өтті.

Дәуірбек Атеев, «Asia Trafo» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:

- Біздің сынақ зертханасы Орта Азиядағы ең үздік зертхана деп есептелінеді. Ол аккредитация, аттестация сертификаттарын қолға алған және үлкен транформаторларды толықтай сынақтан өткізуге мүмкіндік бар.

Аталған кәсіпорында соңғы 4 жылда шетелден әкелінген 20 трансформатор жөнделді. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, шетелдік жабдық Қазақстанның электр желілерінде жұмыс істеуге бейімделмеген.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашыбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.