«Қазмұнайгаз» тың жобаларды қолға алды
«Қазмұнайгаз» компаниясы Маңғыстау өңіріндегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр.
Әсіресе жел, күн және газдан қуат өндіретін электр станциясын атап өтуге болады. Жобаға итальялық ЕNI компаниясы атсалысады. Биылғы жылдың маусым айында тиісті келісімшартқа қол қойылды. Жақын уақытта іске асатын жобалар жайлы компанияның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен өткен дәстүрлі кездсеуде айтып берді.
«Қазмұнайгаз» компаниясы былтырдан бері аса ірі әлеуметтік жобаларды қолға алды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, жуырда Маңғыстаудағы Тоқмақта су тұшыту зауытының құрылысы басталды. Зауыт Жаңаөзен қаласына тәулігіне 50 мың текше метр су жеткізуге қауқарлы.
Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Президенттің тапсырмасы бойынша біз биыл қаңтар айында Астрахань-Маңғыстау деген су құбырының күрделі жұмыстарын, яғни жөндеу жұмыстарын бастадық. Яғни осы екі жоба қосымша сол Батыс Қазақстанның тұрғындары үшін, Жаңаөзен қаласының тұрғындары үшін қосымша 110 мың куб су береді деген сөз.
Дәстүрлі кездесуде жаңа жұмыс орындарын құру мәселесі де көтерілді. Компания Жаңаөзенде газ өңдеу зауытының құрылысын бастады. Мұнда жергілікті мамандар жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, кәсіподақ өкілдері көтерген өзекті мәселелер шешімін тапты.
Әлібек Сәрсенов, «Өзенмұнайгаз» АҚ №1 МГӨБ кәсіподақ төрағасы:
- Өзіңіз білесіз, әрбір компанияның ұжымдық шарты болады. Ұжымдық шартқа біраз қаражат бөлетінін жеткізген болатын. Содан алға қадам басты.
Қожанепес Ураков, «СӨТБ» ЖШС кәсіподақ төрағасы:
- Біз «Өзенмұнайгаздың» қатарына қайта кіруге рұқсат алдық. Екі сұрақтың біреуі. Сосын енді құбыр жөнделеді ғой.
Компания өңірдегі өмір сүру деңгейін жүйелі түрде көтеруге мүдделі. Сол себепті ауыз су мәселесі, электр қуатының тұрақтылығы, жаңа өндіріс орындары секілді әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асуына басымдық беретінін атап өту қажет.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ерлан Наурызбаев