«ҚазМұнайГаз» қызметкерлері көшет екті
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы көшет егу бойынша корпоративтік экологиялық акция өткізді.
Шараға компанияның 300-ге жуық қызметкері қатысты. Олар елордадағы Сауран көшесінің бойына және Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицей аумағына ағаш екті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш егу бастамасын қолдау мақсатында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы экологиялық акция өткізді. Компания қызметкерлері 600-ге жуық көшет отырғызды. Осылайша Астанада жөке, қайың, қарағай мен сібір және еуропа шыршаларының саны ұлғайды.
Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Жалпы айтатын болсақ, есіңізге сала кетейін, Президенттің ағаш отырғызуға байланысты үлкен бағдарламасы бар, кезінде жарияланған 2 млрд ағаш отырғызу бойынша. Сондықтан бүгінгі осы науқанымыз Президенттік бағдарламаның бөлігі деп айтуға болады.
Іс-шараның мақсаты – экологиялық жауапкершілік пен қоршаған ортаға қамқорлық идеяларын дәріптеу. Сондай-ақ қаланы жасыл желекке айналдыру.
Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:
- Жалпы осы жылдың ішінде 1 млн астам тал егілетін болады. Бұл акцияға тек ҚазМұнайГаз компаниясы емес, жалпы қаладағы бизнесте қосылып отыр. Сондықтан бұл Президенттің тапсырмасы толықтай орындалатын болады.
Фатима Нұрманова, оқушы:
- Үлкендерден үлгі алып, бізде осылай еңбек баулып жатырмыз. Жалпы ҚазМұнайГаз ұжымына, сонымен қатар Астана қаласының әкімшілігіне алғысымызды білдіреміз.
ҚазМұнайГаз болашақта бұл игі бастаманы дәстүрге айналдыруға ниетті.
Авторлары: Әлішер Әли, Артур Горшняков.