Семейдегі форумда жан жарасының адамның радикалдануына әсері туралы дәріс оқылды
«Рухани келісім – татулық негізі».
Семейде Рухани келісім күні қарсаңында осындай тақырыпта облыстық форум өтті. Жиында өңірдегі діни бірлестік өкілдері өзекті тақырыптарды талқылады. Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері осы салада жұмыс істейтін мамандарға дәріс оқыды.
Дәстүрге айналған шараға облыстағы діни бірлестіктер және конфессия өкілдерімен қатар, ішкі саясат бөлімінің мамандары да қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы форумда талқыланған тақырып салмақты.
Айдар Садырбаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы:
- Бұл шара дәстүрге айналған іс шара болып табылады. Негізгі мақсаты – облысымыздағы, жалпы тұтас қазақстандық қоғамдағы рухани адамгершілік құндылықтарды насихаттау. Дін аралық, ұлт аралық келісімді нығайту болып табылады.
Асқар Мұқанов, облыстың бас имамы:
- Облысымыздағы жат ағым өкілдерімен қалай бірлесіп жұмыс жасау, халықтың арасында діни алауыздықты тудырмайтын жолдарды қарастыру сынды шаралар өтеді.
Форум барысында республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері оқыту семинарын өткізді. «Жан жарақаты: белгілері. Адамның радикалдануына әсері», «Қазақстандағы қазір заманғы діни процестер: сын қатер мен ден қою шаралары» тақырыптарында дәріс оқыды.
Индира Беркімбаева, «Парасат» кеңес беру әдістемелік орталығының басшысы:
- Әртүрлі қоғамдағы радикалды топтармен жұмыс жасау, оларды анықтай алу және радикалды бағыттағы адамдармен қарым-қатынас орната алу, психологиялық эмоционалдық ортада олармен тіл табыса алу жағынан жұмыстар жасап жатырмыз.
Облыста 170-тен астам діни бірлестік тіркелген. Өңірде 7 конфессия өкілі тұрады. Шара барысында діни және этномәдени ұйымдардың жетекшілеріне құрмет көрсетіліп, алғыс хат табысталды.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов