Оралда «Білімділер додасының» жеңімпазы анықталды
Оралда «Білімділер додасы» ашық лигасының кезекті маусымы аяқталды.
Зияткерлер бәйгесі 5 айға созылды. Оған түрлі саланың мамандары қатысып бақ сынады.
«Білімділер додасы» аймақ жастарының сүйікті ойынына айналды. Дөңгелек үстелге жайғасқан зияткерлер түрлі бағыттағы сауалдарға шұғыл жауап беруі тиіс. Ашық лигаға 10 команда қатысты. Әрқайсының құрамында сан саланың қызметкерлері бар.
Болатбек Сақиев, «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Әр түрлі деңгейде, әртүрлі салада қамтылған сұрақтар бұл «Білімділер додасында». Өйткені атауы айтып тұрғандай, бұл – білімділер додасы. Біздің жастар жан-жақты болу керек. Әлеуметтік жоба ретінде жастарға пайдасы тисе екен деген мақсатта жүзеге асырылып жатыр.
Дода шарты бойынша зияткерлер ұйымдастырушыларға қарсы ойнайды. Әр қате жауап қарсыластың қоржынына ұпай болып түседі. Сондықтан командалар еш мүдірмей, аз уақытта 6 ұпай жинап үлгеруі қажет. Ақтық кезеңге 3 команда жетті. Ал финалдық ойын тартысқа толы болды.
Арнұр Мақсотов, жарысқа қатысушы:
- Финалдық ойын өте қызықты өтіп жатыр. Жаңа ғана біз өз ойынымызды аяқтадық. Жеңіске жеттік. «Білімділер додасы», ең бірінші, мықты облыс жастарымен таныстырды. Екіншіден, көрермендердің қызығушылығын оята білген жоба. Үшіншіден, қосымша ізденуге алып келеді.
Мирамгүл Оразбай, жарысқа қатысушы:
- Жан-жақты сұрақтар қойылды. Оның ішінде Қазақстан тарихы, әдебиет, география салалары бойынша сұрақтарға дұрыс жауап бере алдым деп ойлаймын. Сонымен қатар зияткерлердің басын қосқан осындай «Білімділер додасының» бастау алғанына үлкен қуаныштымын.
Жарыс қорытындысында білім мен мәдениет саласынан құралған команда жеңіске жетті. Жастар арасында сұранысқа ие болған жоба енді дәстүрлі түрде өткізіледі, - дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.