Батыс Қазақстан университетінде жаңа жатақхана пайдалануға берілді
Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде бүгін ерекше күн.
Педагог кадрлерді дайындайтын жоғары оқу орнында 500 орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Енді студенттермен қатар магистратура және бакалавриат шәкірттері де жайлы қоныста алаңсыз білім алады.
90 жылдық тарихы бар Батыс Қазақстан университеті – өңірдегі іргелі оқу орындарының бірі. Мұнда 6 факультетте 7 мыңға жуық жас педагог мамандығына оқып жатыр. Бұрын жоғары курс студенттері пәтер жалдап, көшіп жүретін. Енді жаңа 500 орындық жатақхана салынып, мәселе оң шешімін тапты.
Гүлжаһан Қайсағалиева, Батыс Қазақстан университеті ректорының орынбасары:
- 2 мыңға жуығы қала тұрғындары, яғни олар жатақхана қажет етпейді және де осы қалған 4 мыңнан астам білім алушылардың ішінде 1 мың жарымдайы – олар жатақхана қажет ететін білім алушылар. Қазіргі таңда біз 70% жатақханамен қамтамасыз еттік. Енді 100%.
9 қабатты жатақханада шәкірттерге барынша қолайлы жағдай жасалған. Әр секцияда 2 жатын бөлмеден басқа, асхана, жуынатын бөлмеге дейін қарастырылған. Оқу залдары да бар. Ақысы да көп емес. Айына 10 мың теңге төңірегінде.
Ұлбосын Шекербекова, студент:
- Жылы, барлық жағдай жасалған. Жеке ас үй бар, жеке қолданатын заттарымыз бар, жеке шкафтарымыз бар, жалпы студенттерге жақсы жағдай жасалған, өте қуаныштымын осындай жатақхана беріп жатқанына.
Жатақхананың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі университет ұжымын айтулы күнмен құттықтап, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жайлы жағдай жасау маңызды міндеттің бірі екеніне екпін түсірді.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысы жалпы қазақстандық студенттерді жатақханамен қамтуды Үкіметке де, әкімдіктерге де тапсырма берген болатын. Біздің облыста осы жоспарланған 4 жатақхана болатын болса, мынау 4 жатақханасы – қазіргі ашылғалы тұрған жатақхана.
Облыста 4 жоғары оқу орны, 34 колледж бар. Алдағы міндет – студенттерді жатақханамен мейлінше қамтамасыз ету.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ, Махмудов, Э. Аюпов.