Қарағанды облысында жаңа кәсіпорындар ашылды

Қарағанды облысында индустриалды аймақтың қарқынды дамуына байланысты Саран қаласынан «моноқала» статусы алынды.

Өңір қазір өндірісті өлкеге айналып, жаңа кәсіпорын саны артты. Нәтижесінде 2 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орындары көбейеді. Шағын қаладағы жобалар туралы тілші тарқатсын.

Саран қаласында іске асқан жобалардың нәтижесінде экономиканың әр секторына оң әсер ететін зауыттар ашылды. Соның бірі – автобус шығаратын «QazTehna». 12 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылған зауыт жылына 1 200 қоғамдық көлік шығарады. Ілияс Өмірбаев мұнда қатардағы маман ретінде қабылданған. Қазір жауапты жұмысшылардың бірі. Жас зауытпен бірге жылдам өсіп келе жатқанын мақтан тұтады.       

Ілияс Өмірбаев, «QazTehna» ЖШС жинақтау бөлімінің шебері:

- Адам тек жұмыс барысында ғана емес, өз білім сапасында қалай дұрыс жұмыс істеу керек, бәрін үйренеді. Себебі бізде корпоративтік университеті бар. Бұл жерде адамның дамуы үшін ыңғайлы жағдай жасалады. Мен бұл жерде қарапайым жұмыскер ретінде бастап едім, қазір бар-жоғы жарты жылдың ішінде жетістіктерге жетіп отырмын.

Нарықты «Қазақстанда жасалған» маркалы тұрмыстық техника толтыратын күн жақын. Өзбекстанмен бірлесіп ашқан «Silk Road Electronics» зауыты алғашқы өнімін шығара бастады. Зауыт келер жылдың аяғы толық қуатта жұмыс істей бастаған кезде тағы 1 мыңға жуық жұмысшы тартылады. Жылына 1 млн техника шығару жоспары бар. 

Талғат Әбдірахманов, "Silk Road Electronics" ЖШС басшысы:

- Биыл ресми жұмыс басталады деп жоспарланып отыр. Қазір 7 бағыт бойынша техниканы құрастыру құрылғылары жеткізіліп, орнатылды. Іске қосу алдындағы жұмыстар мен мамандарды оқыту процесі жүріп жатыр. Бүгінгі күні 175 жұмысшы бар.

Жақында «KamaTyresKZ» зауыты да өндіріс жұмысын бастайды. Ол Қазақстанның ең ауқымды өнеркәсіп нысандарының қатарына кіреді деп жоспарланып отыр. Жобаның құны 220 млрд теңге болса, жылдық қуаты 3,5 млн шина шығарады. Стратегиялық тұрғыда зауыт одан әрі кеңею мәселесін де қарастырып жатыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.