«Маңғыстау жастары» тұрғын үй бағдарламасының шарттары қандай?
35 жасқа дейінгі Маңғыстау тұрғындарының барынша тиімді шарттармен баспана сатып алуға мүмкіндігі бар.
Отбасы банк пен аймақ әкімдігі «Маңғыстау жастары» атты бағдарламаны іске қосу туралы келісімге келді. Жылдық 5%-тік мөлшерлемемен несие алуға ниетті азаматтардың тізімін әкімдік жасақтайды. Өтініштер 15 қарашадан бастап арнайы сайтта қабылданады.
Отбасы банк «Маңғыстау жастары» бағдарламасы аясында Ақтау тұрғынына 15 млн теңгеге дейін, аудан-ауылда үй сатып алғысы келетін азаматтарға 10 млн теңгеге дейін несие береді. Баспананы екінші нарықтан да қарастыруға болады. Алғашқы жарна 10%-ті құрайды.
Нұрлан Ақшанов, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Бағдарламаның жылдық мөлшерлемесі қазіргі нарық жағдайында өте төмен. Оны Маңғыстауда жүзеге асыру үшін әкімдіктен бастапқы 500 млн теңге бөлінді. Соңғы кезде жастардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сенімі артқаны байқалады. Қазір 18 бен 35 жас аралығындағы 1 млн қазақстандық Отбасы банктегі депозитке ақша жинап жүр. Бұл жоба өңірлер мен Астана, Алматыда қолданыста бар. Жалпы бюджеті – 100 млрд теңге.
Үміткердің некеде тұрған жылдар саны, балаларының болуы және мамандығы бойынша кемі 1 жыл қызмет өтілі ескеріледі. Ел аумағында баспанасы жоқтығы қаралады. Өзі және жанұясы Маңғыстауда 2 жыл тұрақты тіркеуде тұруы шарт. Отбасының бір мүшесіне шаққандағы соңғы алты айдағы табысы 150 мың 98 теңгеден аспауы керек. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатысады.
Мұқаш Оралбай, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:
- Аталған бағдарлама ережесін жасақтау барысында арнайы жұмыс тобы құрылды. Күн тәртібіндегі ең негізгі мәселе осы тұрғын үй бағдарламасының ашықтығын қамтамасыз ету және жастар арасында қолжетімділігін арттыру болды. «Маңғыстау жастары» ресми сайтында құжат қабылдау процесін бастау жуық арада басталады.
«Маңғыстау жастары» бағдарламасына медицина, мәдениет, білім беру ұйымдары, әлеуметтік және мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлері мен журналистер қатысады. Азаматтық қорғаныс мамандары мен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін азаматтар да құжат тапсыра алады. Жаңа баспана үміткер тіркелген мекенжай бойынша сатып алынады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.