Елордада әлеуметтанушылар мектебінің қорытынды конференциясы өтті
Елордада Kazakhstan Sociology Lab 2023 әлеуметтанушылар мектебінің қорытынды конференциясы өтті.
8 айға созылған мектепке бас-аяғы 50 ге жуық қатысушы тіркелген. Жиын барысында көпшілікке қоғамдағы әлеуметтік құбылыстарды зерттеуге бағытталған тың жобалар таныстырылды.
Торғын Қайдарова әлеуметтанушылар мектебіне келгелі жаңа ақпараттар алып, біліктілігімді шыңдадым дейді. Әлеуметтану саласында тиімді әдіс-тәсілдерді тәжірибе жүзінде қолданған. Зерттеу тобымен елдегі еңбек нарығы оның ішінде enbek.kz сайтын зерделепті. Жұмыс берушілер арасындағы динамика мен тенденцияларға басымдық берілген.
Торғын Қайдарова, әлеуметтанушылар мектебінің түлегі:
- Жалпы біздің жұмыс тобымыздың тақырыбы ол еңбек нарығында жұмыскерлердің қандай сұраныстарға ие болатыны жайында. Біз тек қана enbek.kz сайтымен жұмыс жасадық. Еnbek.kz сайтында бізде субсидия яғни мемлекеттік көмек ретіндегі мемлекеттік бағдарламалар бар жұмыспен қамту бойынша. Біз соларды және мемлекеттен тыс жұмыскерлердің өзінің вакансияларымен бір-бірімен салыстырдық.
Оқу барысында халықаралық деңгейдегі мамандардың қатысуымен дәрістер ұйымдастырылды. Зерттеу тақырыптарын айқындап алған қатысушылар қорытынды конференцияда істеген жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті. Оның ішінде білім саласы, криминология, гендерлік зерттеулер сияқты бағыттар бар. Әлеуметтік мектептің негізгі ұйымдастырушылары - "EL UMITI" корпоративтік қоры.
Әлия Сәрсекеева, әлеуметтанушылар мектебінің жетекшісі:
- Бұл қатысушылар үшін бірінші кезекте емтихан іспеттес. Түлектер білімдерін іс жүзінде пайдаланады деген сенімдеміз. Жалпы, мектеп өз жұмысын биыл бастады. Нақтырақ айтқанда ақпан айында қатысушыларды оқыта бастадық. Бастысы нәтиже бар.
Жиын қорытындысы бойынша түлектер арнайы сертификаттармен марапатталды. Алдағы оқу жылына қабылдау басталып та кеткен. Бұл әлеуметтану саласында жүрген мамандар үшін білімдерін арттыруға керемет мүмкіндік.
Әл-Фараби Серіков, Серік Қоңырбаев